17.02.2012, 12:09 3448

2011 жылдың 12 қарашасындағы лаңкестік оқиғаға қатысушылар ҚР ҚК-нің 6 бабы бойынша айыпталды

"Ең ауыр жазаны 28 және 96 баптар (кісі өлтіруге көмектесу) қарастырады, оларға сәйкес айыпталушылар мүлкі тәркілене отырып, өмір бойына бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін", - деді Г. Сыздықова.

Тараз. 17-ақпан. Kazakhstan Today - 2011 жылдың 12 қарашасындағы лаңкестік оқиғаға қатысушылар ҚР ҚК-нің 6 бабы бойынша айыпталды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бұл туралы Жамбыл облыстық сотының брифингісінде БАҚ-пен байланыс жөніндегі үйлестіруші, облыстық соттың судьясы Гүлнар Сыздықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

"Ең ауыр жазаны 28 және 96 баптар (кісі өлтіруге көмектесу) қарастырады, оларға сәйкес айыпталушылар мүлкі тәркілене отырып, өмір бойына бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін", - деді Г. Сыздықова.

Сондай-ақ айыпталушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің 233 бабы, 2-тармағының "б" пінкті (терроризм), 233-1 бабының 1-тармағы (терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру), 233-2 бабының 1-тармағы (террористiк топты құру, оған басшылық ету және оның қызметiне қатысу), 255 бабы, 4-тармағының "а", "б" пункттері (қаруды, оқ-дәрiнi, жарылғыш заттар мен жару құрылғыларын ұрлау не қорқытып алу) бойынша айыптар тағылып отыр.

Г. Сыздықова 2011 жылдың 12 қарашасында болған лаңкестік оқиғаға қатысты сот процесі сәрсенбі күні, 15 ақпанда жабық түрде басталғандығынын айтты. Сот процесін Жамбыл облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты жүргізеді.

"Сот судьяның, айыптаушылардың, куәгерлер мен зардап шеккендердің аты-жөндерін және басқа ақпараттарды халықтың қауіпсіздігі мен тергеудің мүддесіне орай жарияламайды", - деп атап өтті облыстық соттың судьясы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жамбыл облыстық сотында 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласының тұрғындарын үш сағат қорқынышта ұстаған террорист Мақсат Қариевке көмектескен 5 айыпталушының үстінен сот процесі жүруде. Куәгер ретінде 48 адам қатысуда.

Естеріңізге сала кетейік, жиһат қозғалысының жақтаушысы Мақсат Қариевтің жасаған қылмысының салдарынан 7 адам, соның ішінде құқық қорғау органдарының 5 полиция қызметкері және 2 лауазымды тұлға қаза тапқан болатын. Соныман қатар ішкі істер органдарының 3 қызметкері жарақаттанды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны