01.02.2021, 19:44 7097

Қазақстанда журналистерді аккредиттеу ережелері өзгереді

Құжатқа сәйкес, "журналистерді аккредиттеу Қазақстан Республикасының аумағында аккредиттелетін журналистердің тұрған жеріне және тұрақты тұратын жеріне қарамастан аккредиттеуші ұйымның жанында өткізіледі".
Нұр-Сұлтан. 1 ақпан. Kazakhstan Today - "Ашық НҚА" сайтында журналистерді аккредиттеу ережелеріне өзгерістер енгізу бойынша Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұйрығының жобасы жарияланды, деп хабарлайды Kazakhstan Today.
 
Құжатқа сәйкес, "журналистерді аккредиттеу Қазақстан Республикасының аумағында аккредиттелетін журналистердің тұрған жеріне және тұрақты тұратын жеріне қарамастан аккредиттеуші ұйымның жанында өткізіледі".
 
Журналистерге тұрақты аккредиттеу кемінде бір жыл мерзімге беріледі.
 

Журналисті тұрақты аккредиттеу үшін аккредиттеуші ұйымның жанынан бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі не бұқаралық ақпарат құралы меншік иесінің редакциясы аккредиттелетін журналистің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып (жеке басын сәйкестендіру үшін талап етіледі), өтініш береді. Өтінішті қарау мерзімі Қағидалардың осы тармағында көзделген құжаттар келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнін құрайды", - делінген жобада.

 
Уақытша аккредиттеу журналистерге белгілі бір редакциялық тапсырманы орындау үшін немесе тұрақты аккредиттелген журналист ауырған жағдайда, демалыста, іссапарда немесе белгілі бір іс-шараны жариялау үшін қажетті мерзімге беріледі.
 

Аккредиттелетін журналистің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі қоса берілген аккредиттеу туралы өтініш қағаз жеткізгіште тікелей аккредиттеуші органға не электрондық форматта оның ресми интернет-ресурсына беріледі. Егер өтініш бұқаралық ақпарат құралы редакциясының өкілінен берілген жағдайда, өтінішке аккредиттелетін журналистің жеке басын куәландыратын құжаттан басқа, журналистке аккредиттеу жүргізуге редакция өкілінің өкілеттігін растайтын құжат қоса беріледі", - делінген құжатта.

 
Өтінішті қарау нәтижесі оң болған жағдайда аккредиттеуші ұйым өтініш берушіні журналистің аккредиттелгені туралы жазбаша және (немесе) электрондық түрде хабардар етеді.
 
Тұрақты аккредиттеу рәсімінен өткен журналистер туралы мәліметтер нысан бойынша аккредиттелген журналистер тізіліміне енгізіледі. Аккредиттелген журналистердің тізілімі аккредиттеуші ұйымның интернет-ресурсында орналастырылады.
 
Аккредиттеуші ұйым журналисті аккредиттеуден мынадай негіздер бойынша бас тартады:
 
1) барлық қажетті құжаттарды ұсынбау;
 
2) бұқаралық ақпарат құралының өнімін таратуды не бұқаралық ақпарат құралын шығаруды тоқтата тұру не тоқтату туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болуы;
 
3) уәкілетті орган жүргізетін есепке қойылған мерзімді баспасөз басылымдарының, ақпараттық агенттіктердің, интернет-ресурстардың тізілімінде және (немесе) теле-, радиоарналардың есепке қойылған ашық деректердің болмауы.
 

Бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі не бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі редакциясы аккредиттелген журналисті басқа журналистпен ауыстырған жағдайда, оны аккредиттеу осы Қағидаларда көзделген тәртіппен жүргізіледі. Журналистпен еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт бұзылған жағдайда бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі не бұқаралық ақпарат құралы меншік иесінің редакциясы шарт бұзылған күннен кейін үш жұмыс күні ішінде аккредиттеуші ұйымды жазбаша немесе электрондық нысанда хабардар етеді", - делінген қағидада.

 
Журналистті аккредиттеуден айыруға негіз болып табылады:
 
1) журналистің аккредиттелуінің қолданылу мерзімінің аяқталуы және бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі не бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі редакциясының оны ұзарту туралы өтінішінің болмауы;
 
2) аккредиттелген журналистпен еңбек немесе азаматтық-құқықтық шартты бұзу не аккредиттелген журналистті басқа журналистпен ауыстыру;
 
3) өзін аккредиттеген мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату.
 
Шешім бұқаралық ақпарат құралының меншік иесіне не журналист аккредиттеуден айырылған бұқаралық ақпарат құралы меншік иесінің редакциясына аккредиттеуді тоқтату туралы шешімге қол қойылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жіберіледі.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны