16.04.2007, 19:23 3039

Ақтауда екі полицейдің үстінен есірткі сатқаны үшін қылмыстық іс қозғалды

АҚТАУ. 16 - сәуір. Kazakhstan Today. Ақтау қаласының прокуратурасы қалалық ІІБ екі полицейінің үстінен ірі көлемдегі есірткі сақтағаны және сатқандары үшін қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігінің тілшісіне Бас прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, күдікті полицейлерге сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 308-бабы (билікті не қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану) бойынша да айып тағылауда.

"Полицейлердің заңсыз әрекеті туралы жеке мүлікті ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іске қатысты сот процессінде белгілі болған",- деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер. Прокуратураның мәліметтеріне сүйенсек, сот процессі кезінде айыпталушы шалбарының қалтасынан героин алып шығып, мұны тергеу изоляторында болған кезінде жедел қызметкерлерден алғандығын мәлім еткен. "Одан есірткінің ақысына кінәні өз мойнына алып, он пәтер ұрлығын жасаған шынайы қылмыскерлерді жасырып қалу талап етілген",- деп атап өтті баспасөз қызметіндегілер.

Өз еркімен берілген героин мемлекеттік айыптаушы - прокурор көмекшісінің көзінше жедел рәсімделген. "Есірткі соттық-криминалистикалық сараптамаға жіберілген, сараптама бұл заттың салмағы 1,0107 граммды құрайтын героин екендігін растаған",- деп қосты баспасөз қызметіндегілер.

Қазіргі уақытта прокуратура қозғаған қылмыстық іс шеңберінде тергеу шаралары жүргізілуде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны