15.03.2010, 14:51 3167

Алматы облысындағы тасқын дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, лауазым иелері тұтқындалды (толықтырылған)

"Алматы облысының Ақсу ауданы Қызылағаш ауылындағы адамдардың өліміне алып келген оқыс оқиға дерегі бойынша Алматы облыстық прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 315-ші бабы (қызметтегі әрекетсіздік) және 316-шы (салақтық) баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, оны ҚР ІІМ Тергеу комитеті өндіріске қабылдады", -делінген хабарламада

Астана. 15 наурыз. Kazakhstan Today - Алматы облысының Қызылағаш ауылындағы тасқын дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, бірқатар лауазым иелері тұтқындалды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Алматы облысының Ақсу ауданы Қызылағаш ауылындағы адамдардың өліміне алып келген оқыс оқиға дерегі бойынша Алматы облыстық прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 315-ші бабы (қызметтегі әрекетсіздік) және 316-шы (салақтық) баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, оны ҚР ІІМ Тергеу комитеті өндіріске қабылдады", -делінген хабарламада.

"Тергеу іс-әрекеттерінің барысында Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Е. Жүнісов, Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті төрағасының орынбасары Е. Енин, Ақсу аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы К. Байзақов, "Шынар" ЖШС-нің құрылтайшысы әрі директоры К. Бекеев пен су тұтынушылардың арнаулы өндірістік кооперативінің атқарушы директоры М. Жүнісовтар тұтқындалып, уақытша ұстау абақтысына қамалды", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, сондай-ақ, қазір қылмыстық істі тергеу одан әрі жалғасуда, бірқатар сараптамалар тағайындалды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тексеру барысы бас прокурор мен ішкі істер министрінің тікелей бақылауында іске асырылуда.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Ақсу ауданындағы Қызылағаш су қоймасында жаңбыр мен ауа температурасының көтерілуі салдарынан 11 наурыз күні сағат 22.20-да тоғанның шығыс жағы бұзылды. Соның салдарынан 3 мың адам тұратын Қызылағаш ауылындағы 257 үйді су алды".

Алматы облыстық әкімдігінің мәліметінше, Қызылағаш ауылындағы тасқын құрбандарының саны 34 адамға жетті.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 13 наурызда Алматы облысының Ақсу ауданындағы "Қызылағаш" су қоймасында орын алған апатты жою мәселесін талқылаған жұмыс бабында кеңес өткізді.

Кеңеске премьер-министр К.Мәсімов, президент әкімшілігінің басшысы А.Мусин, Бас прокурор К.Мәми, сондай-ақ үкімет мүшелері қатысты.

Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша кеңеске қатысушылар апат салдарынан қайтыс болғандарды минуттық үнсіздікпен еске алды.

К.Мәсімов президентті апат болған жерде үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатқанынан хабардар етті. Баспанасыз қалған азаматтарды алдымен орналастыру жөніндегі бірінші кезектегі міндеттер жедел шешімін тапты. Зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмектер көрсетілді. Адамдар қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Ішкі әскер және ТЖМ бөлімдерінің күшімен апаттың салдарын жою жұмыстары жүргізілуде.

Кеңес жұмысын қорытындылай келе, президент апаттың салдарын жою, зардап шеккен отбасыларға материалдық, қаржылық, медициналық көмектер көрсету жөнінде нақты тапсырма берді. Балаларды оқу орындарына орналастыру, үйсіз қалғандарды тұрақты баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін ойластыру қажет.

Н.Назарбаев барлық өңірдің әкімдеріне алдағы уақытта мұндай қайғылы жағдайдан аулақ болу үшін барлық су қоймалары мен бөгеттердің жағдайын тексеруді тапсырды. Құқық қорғау органдарына тыңғылықты тексеріс жүргізіп, егер апаттың болуы өз жұмысына жауапкершіліксіз қараудан және объектіні сақтау жөнінде профилактикалық қажетті жұмыстарды жүргізбегені анықталған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы тапсырма берді.

Кеңесте үкімет басшысы Кәрім Мәсімов атап өткендей, Алматы облысындағы қайғылы оқиға болған нысан "жеке меншікте болған".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны