09.07.2007, 17:21 3110

Алматыда бұрынғы үш полиция қызметкері тонаушылығы мен кісі өлтіргені үшін түрлі мерзімдерге бас бостандығынан айрылды

АСТАНА. 9-шілде. Kazakhstan Today. Алматыда бұрынғы үш полиция қызметкері ақша айырбастау бөліміне тонаушылық жасап, кассирді өлтіргені үшін түрлі мерзімдерге бас бостандығынан айрылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қадағалаушы мекеменің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, 3-шілдеде Алматы қалалық соты В.Полинаров , А.Смаилов және С.Мамедовқа қатысты іс бойынша сот тыңдауларын аяқтап, "айыптау үкімін оқыды". "Соттың үкіміне сәйкес Полинаров 17 жылға, Мамедов 18 жылға бас бостандығынан айрылды... Ал үш баланың әкесі болып табылатын Смаилов бес жарым жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылды", - делінген хабарламада.

Сонымен бірге, Полинаров пен Мамедовтан "жәбірленушінің туыстарының моральдық және материалдық шығынын толықтыру үшін" 7 млн теңге өндіріп алынды.

Бас прокуратура сонымен бірге соңғы екеудің 2005-жылғы сәуір айында "Жұлдыз Ай" ақша айырбастау бөлімшесінің кассирін өлтіргені үшін де сотталғанын еске салады. Кассир әйелді атып өлтірген қылмыскерлер 1 млн 488 мың 693 теңгені тонап әкеткен.

Сонымен бірге, Полинаров пен Смаиловқа кәсіпкерлердің ақшасын тонау жөнінде де айып тағылды. Бір оқиғаға тоқталып өтсек, әлгілер полиция офицері бола тұра ешбір нұсқаусыз "Ялян" сауда орталығында қытай азаматының сауда орнында тексеру жүргізген, үстелден 1,3 млн теңге мен $40 тапқан олар "алдау жолымен бұл ақшаны иемденіп алған". Осыдан төрт күннен кейін олар тағы да осындай жолмен осы орталықтағы тағы бір қытайлық кәсіпкердің ақшасын тонап алмақ болған. Заңсыз жолмен 16,9 мың АҚШ доллары мен 816 мың теңгені иемденіп алмақ болған құқық қорғау органының қызметкерлерін саудагерлер ұстап алып, полицияны, сауда орталығының әкімшілігі мен ҚХР елшілігінің өкілдерін оқиға орнына шақырған.

Сот тыңдаулары үш жылға созылды. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, сот істі қосымша тексеруге жіберуге екі мәрте шешім қабылдаған. Артынан тіпті айыпкерлерді босатып та жіберген. Алайда, бұл шешімдер прокуратураның қарсылығымен күшінен айрылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны