30.10.2007, 16:14 3219

Алматыда Қырғызстанның кәмелеттік жасқа толмаған азаматы есірткі тасымалдағаны үшін ұсталды

Алматыда Қырғызстанның кәмелеттік жасқа толмаған азаматы есірткі тасымалдағаны үшін ұсталды.

Алматы. 30-қазан. "Қазақстан Бүгін" - Алматыда Қырғызстанның кәмелеттік жасқа толмаған азаматы есірткі тасымалдағаны үшін ұсталды. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне Алматы қаласының Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, Қазақстандағы есірткі тасымалының контрабандалық арнасын жою мақсатында Алматы қаласының Ішкі істер департаментінің есірткі бизнесімен күрес басқармасының қызметкерлері Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің есірткі бизнесімен күрес жөніндегі бас басқармасымен бірлесе отырып арнайы іс-шара жүргізген.

Полицейлердің хабарлауынша, Тимирязев көшесіндегі бір үйлерден мемлекеттік шекара арқылы заңсыз есірткі затын алып өткен Бішкек қаласының 16 жасар тұрғыны ұсталған. Оны тексеру барысында жасөспірімнен полиэтилен орама табылып, тәркіленген, оның ішінен ұнтақ зат болған. Сараптама көрсетіп отырғандай, тәркіленген зат 300 грамнан астам героин болып шықты.

Қазіргі уақытта полицейлерге жасөспірімнің Қырғызстаннан Алматыға бірнеше рет есірткі тасымалдағаны белгілі болды. Негізінен бұл 100-ден 500 граммға дейінгі героин болған.

"Қазір жедел қызметкерлер есірткі заттарын контрабандалық жолмен тасымалдау арнасын ұйымдастыруға қатысы бар басқа да тұлғаларды анықтауға қатысты жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар кешенін жүргізіп жатыр",- деп хабарлады Алматы қаласының Ішкі істер департаментінің есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы Ерлан Кебекбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны