09.12.2008, 15:24 1762

Астанада кәсіпкердің отбасын өлтірген күдікті Қазақстанға экстрадицияланды

Астанада кәсіпкердің отбасын өлтірген күдікті Қазақстанға экстрадицияланды

Астана. 9 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Астанада кәсіпкердің отбасын өлтірген күдікті Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы ҚР ІІМ тіл саясаты және ақпарат департаментінің жетекшісі Бағдат Қожахметов бүгін өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Бүгін таңғы сағат 4.30-да Шешен Республикасынан Астана қаласына ағымдағы жылдың 21 қазанында Есімсейітовтер отбасының мүшелерін өлтірген күдікті Қазақстан Республикасының азаматы Олег Евлоевты жеткізді",- деді Б.Қожахметов.

Оның айтуынша, "оны экстрадициялау шарасы кеше түнде Грозный қаласының әуежайында өтті. Шешенстанның құқық қорғау органдары Минск конвенциясына сәйкес алдында іздеуге жарияланған азаматты тиісті құжаттарымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілдеріне тапсырды".

Ресей Федерациясының Шешен Республикасына Қазақстан Республикасының Ішкі істер вице-министрі Қалмұхамбет Қасымов және Криминалдық полиция комитетінің төрағасы Сұлтан Құсетов басшылығымен арнайы топ барды.

О.Евлоевты Астанаға жеткізгеннен кейін аталған қылмыстық істі тергеумен айналысатын астаналық ІІД-нің жедел-тергеу тобының өкілдеріне тапсырды. Қазіргі уақытта О. Евлоев уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Тергеу жұмысы жалғастырылып, бірқатар сараптамалар жүргізіледі, оның ішінде геномдық сараптама және басқа да тергеу амалдары жүзеге асырылады.

ІІМ ақпаратына сәйкес, Шешен Республикасы мен Ингушетияның милиция қызметкерлері күдікті азаматты ұстау бойынша аса күрделі операция жүргізгенін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен Ресей Федерациясының Шешен Республикасы мен Игушетияның құқық қорғау органдарының бірқатар қызметкерлері "Ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін" арнайы белгілерімен марапатталды.

"Қоғамда резонанс тудырған осы қылмыс жасалмай тұрып, бірнеше ай бұрын Қазақстан және Ресей Ішкі істер министрліктерінің арасында Кавказ аумағында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі іздеуге жариялаған азаматтарды іздестіруге Ресей тарапынан көмек көрсету туралы келісімге келген",- деді департамент төрағасы.

"Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 3 қызметкері Грозный қаласына барып іздеуге жарияланған 24 азаматты анықтады. Тергеу барысында анықталған азаматтардың бірқатары сол елдің азаматтығын алғаны белгілі болды. Сол себептен олар бойынша қозғалған істер Ресейдің құқық қорғау органдарына және РФ-ның басқа да субъектілеріне беріледі. Басқа азаматтар бойынша экстрадициялау мәселесі қарастырылуда",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны