24.03.2019, 15:03 4706

Қазақстан Үкіметі мүгедектігі бар балалардың жалпы білім беретін мектептерде білім алуын қамтамасыз етуі тиіс

Қазақстанда мүгедектігі бар балалардың көпшілігі сапалы инклюзивті білім ала алмай отыр, делінген жуырда жарияланған Human Rights Watch баяндамасында. Үкімет мүгедектігі бар балалардың құқығын қорғау мақсатында бірқатар маңызды қадамдар жасады, алайда барлық балаларға білім алуларына бірдей жағдай жасау үшін әлі көп шараларды қолға алу керек.

Алматы. 24 наурыз. Kazakhstan Today - Қазақстанда мүгедектігі бар балалардың көпшілігі сапалы инклюзивті білім ала алмай отыр, делінген жуырда жарияланған Human Rights Watch баяндамасында. Үкімет мүгедектігі бар балалардың құқығын қорғау мақсатында бірқатар маңызды қадамдар жасады, алайда барлық балаларға білім алуларына бірдей жағдай жасау үшін әлі көп шараларды қолға алу керек.

"Өмір соқпағында. Қазақстандағы мүгедектігі бар балаларға білім беру" баяндамасы қазақстандық білім беру жүйесінің мүгедектігі бар балаларды сегрегациялап, оңашалайтынын баяндайды. Мүгедектігі бар бала тұрғылықты жері бойынша жалпы білім беретін мектепте оқыған жағдайдың өзінде көптеген балалар мүгедектігі бар балалармен бірге жекелеген сыныптарда білім алады. Мыңдаған мүгедек балалар кей жағдайларда, тіпті үйлерінен алыста, арнайы мектептерде оқиды. Тағы көптеген балалар үйлерінде дәріс алады, оларға мұғалімдер аптасына ең жақсы дегенде, бірнеше сағатқа қана келеді. Интернат үлгісіндегі жабық психоневрологиялық мекемелерде балалар тіпті ешқандай білім алмайды, алатындары да мардымсыз.

"Мүгедек балалар да сапалы инклюзивті білім алуға, басқалармен бірге,қатар дәріс алуға мүмкіндік беретін саналы жабдықтармен қамтамасыз етілуге құқылы,- дейді Human Rights Watch-тің Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Ритман. - Алайда,Қазақстанда мүгедектігі бар көптеген балалар білім беру жүйесінен де, жалпы қоғамдық ортадан да тыс қалып жатады".

Жоғарыда аталған баяндама үшін Human Rights Watch 2017 жылдың қыркүйегі мен 2018 жылдың желтоқсаны аралығында 150-ден астам адаммен сұхбаттасты. Біздің сұхбат берушілеріміздің арасында физикалық және интеллектуалдық мүгедектігі бар 49 бала мен жас адамдар,ондаған ата-аналар, мүгедек адамдардың құқығын қорғаушы активистер,құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлері болды. Біз сондай-ақ мемлекеттік мекемелермен кездесулер өткізіп, корреспонденциялар алмастық. Қазақстанның ұлттық заңдылықтары мен халықаралық құқықтың тиісті нормаларын зерделедік.

Қазақстандағы инклюзивті білім берудегі негізгі кедергілердің бірі - психологиялық-медикалық-педагогикалық кеңес (ПМПК) болып табылады. Оның құрамында дәрігерлер, білім беру саласының мамандары бар. ПМПК тексеру жүргізгеннен кейін баланы қай мектепте оқытуға болатыны жөнінде қорытынды береді. ПМПК қорытындысы - кеңес қана, алайда, ата-аналар бізге айтқандай, іс-жүзіне келгенде мектепке бұл қорытындысыз қабылдамайды. Кейбір ата-аналар қадап айтқандай, тексерулер асығыс,өшпенділікпен және атүсті жасалады.

Біз сұхбаттасқан мүгедек балалар мектепке бара алмаған кезде өздерінің қоғамнан оқшау қалғандарын айтты. 13 жасар ДЦП-ға шалдыққан Миша (есімі белгілі себептермен өзгертіліп алынды) кресло-коляскамен қозғалады, Алматы облысындағы селолардың бірінде үйде оқиды. Басқа балалармен бірге мектепке барғанды армандайды: "Әрине, мектепке барғым келеді,онда көңілді! Мектепте әлдеқайда қызықты - барлық сабақтарға қатысасың. Балалар көп. Мектепте оқыған жақсы" дейді.

2015 жылы Қазақстан сапалы инклюзивті білім алу құқығына кепілдік беретін мүгедектер құқығы туралы Конвенцияны ратификациялады. Бұдан шығатын қорытынды, мүгедек балалар мен мүгедек емес балалар инклюзивті ортада, жалпы білім беретін мектептердің ортақ сыныптарында бірге оқуын қамтамасыз ету қажеттілігі туындайды. Бұл ретте мүгедек балалар саналылық жабдықтарымен қамтамасыз етілуі тиіс, оның ішінде аудиовизуальді форматқа негізделген Брайль тілінде оқу материалдары, тыңдау кемістігі бар балаларға жест сабақтарын жүргізу, сыныпта оқу материалдарын игеруге,өзін-өзі күтуге, тәртібін бақылауға көмектесетін ассистенттер қызметі болғаны жөн.

2019 жылы үкімет жалпы білім беретін мектептердің 70 пайызын инклюзивті бағдарға көшіруге міндеттенген еді. 2018 жылдың желтоқсанында біз Алматыдағы осындай мектептердің бірқатарын аралап көрдік.

Байқалғанындай, инклюзивті деп аталатын мектептердің өзінде мүгедек балалар физикалық қолжетімділіктің жоқтығы,бейімделген оқу материалдарының тапшылығы, ассистенттердің болмауы сияқты кедергілерге тап болған. Осы орайда Human Rights Watch хабарлауынша, мүгедек балалар қазіргі кезде қазақстандық инклюзивті мектептерде негізгі орта білімнен төмен деңгейде дәріс алады.

Жалпы білім беретін мектептерде оқитын мүгедек балалар да, олардың ата-аналары да бізге өздері үшін инклюзивті білім алудың маңыздылығын айтқан. Мәликаның пікірінше, оның 9 жасар Даун синдромымен ауыратын ұлы Ілияға "оқу ұнайды. Ол басқалар жасаған нәрселерді көріп, өзі де соны жасайды...Ол өте көпшіл бола бастаған, өйткені тілдік орта бар.Әлеуметтік дағды қалыптаса бастаған,ол басқалаға еліктейді".

Қазақстан Үкіметі кепілді сапалы инклюзивті білім беруді қамтамасыз етуге күш салуы керек. Осы жұмыс аясында ПМПК қорытындысы де-факто ретінде қабылданбауы тиіс, ол мүгедек баланы жалпы білім беретін мектепке қабылдауда сүйенетін міндеттілікке жатқызылмауы керек.Мүгедектігі бар адамдармен бірлесе отырып, ПМПК-ның бүкіл жүйесін реформалау қажет. Оның бағдарын педагогтардың,ата-аналардың,дәрігерлердің позицияларын ескере отырып, балаға аса қажетті жалпы білім беретін мектепте білім алуына қолдау көрсету формасына бұру керек.

"Қазақстан Үкіметі мүгедектігі бар балалардың жалпы білім беретін мектептерде білім алуын қамтамасыз етуі тиіс. Олар басқа балалармен бірге табысты білім алатындай ортада болуы керек, қамқорлықты сезінуі керек,- дейді Мира Ритман. - Осы ретте ПМПК жүйесін реформалау жақсы бастама болар еді. Берілетін кеңестер мүгедектігі бар балаларға жалпы білім беретін мектептерде білім алуға жол ашуы тиіс".

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны