06.06.2023, 13:54 13391

Қазақстанда өзен-теңіз көліктеріне арналған айып тұрағы көбейеді

Қазақстанның шағын көлемді флоты 19 мыңға жуық кемеден тұрады
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткізілген Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев еліміздің су айдындарындағы қауіпсіздікті күшейту бойынша қолға алынған жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды Gov.kz.

Ведомство басшысы айтқандай, Қазақстанның шағын көлемді флоты 19 мыңға жуық кемеден тұрады. Олардың басым бөлігі Алакөл және Балқаш көлдерінде, Бұқтырма мен Қапшағай су қоймаларында, сондай-ақ Каспий теңізінің жағалауында қатынап жүр.

Осы кемелердің қауіпсіз жүруін Көлік комитетінің аумақтық инспекциялары қадағалап келеді. Министр биылғы 1-ші маусымнан бастап көлік бақылау инспекциялары "Назар аударыңыз! Шағын флот!" республикалық іс-шарасын өткізуді қолға алғанын жеткізді. Бұл арқылы елімізде шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануды жолға қойып, жағалаулардың маңындағы демалу орындарында халықтың қауіпсіздігін сақтау көзделіп отыр. Аталған іс-шара 31-ші тамызға дейін жалғасады.

Былтыр еліміздің су айдындарындағы қауіпсіздікті бақылау үшін 3061 тексеру жұмысы жүргізіліп, оның нәтижесінде шағын кемелерге қатысты 795 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның дені жеке құтқару құралдарының болмауы, кемені құжатсыз пайдалану мен басқару, навигациялық белгілердің талаптарын сақтамау, сондай-ақ кемедегі қалдықтар пен басқа да заттарды су айдындарына төгуге қатысты болды", деді М.Қарабаев.


Бұған қоса Марат Кәрімжанұлы министрлік аталған кемелердің қауіпсіз пайдаланылуын бақылап, қадағалауды жақсарту үшін аумақтық инспекциялардың қызметіндегі өзекті мәселелерді шешу бойынша қажетті жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Атап айтқанда, техникалық паркті толықтыру мен судағы тәртіпті бұзған көлік түрлеріне арналған уақытша ұстау тұрағын үлғайтуға басымдық беріліп келеді.

Өзен-теңіздегі көліктердің қызметін бақылауға қатысты тағы бір маңызды мәселе - көлік бақылау органдарын қызметтік кемелермен жарақтандыру саналады. Мәселен, белгіленген нормаға сай 18 техника болуға тиіс. Қазір оның 9-ы бар. 2023 жылы 4 моторлы қайықты сатып алу көзделген. 2024 жылға қарай тағы да 5 арнаулы кеме алынатын болады", деді ИИДМ басшысы.


Жергілікті атқарушы органдарға өтініштерді жіберудің нәтижесінде ұсталған су көліктеріне арналған айып тұрақтары Ақмола, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында құрылды. Алайда Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Абай және Жетісу облыстарында бұл бағыттағы жұмыс кенжелеп тұр. Министр бұл өңірлермен қажетті жұмыс жалғасатынын жеткізді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны