15.10.2021, 17:13 176579

Қазпоштада 163,9 млн теңге сомасына бұзушылықтар анықталды

Оның ішінде бухгалтерлік есептілік бойынша 0,6 млн. теңге сомасына, тиімсіз жоспарлау - 678,3 млн. теңге.
НҰР-СҰЛТАН. 15 ҚАЗАН - "Қазпошта" АҚ-да 2018 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге жүргізілген аудит қорытындылары бойынша бірқатар анықталған проблемалар бар, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша 163,9 млн. теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар, оның ішінде бухгалтерлік есептілік бойынша 0,6 млн. теңге сомасына, тиімсіз жоспарлау - 678,3 млн. теңге, тиімсіз пайдалану - 47,4 млн. теңге, 6,9 млн. теңге сомасына экономикалық шығындар, сондай-ақ 32 рәсімдік бұзушылық фактісі және 2 жүйелі жетіспеушілік анықталды", - деп хабарлады Есеп комитеті.

 
Атап айтқанда, "Қазпошта" АҚ қызметтің түйінді стратегиялық көрсеткіштерін орындамаған. Мәселен, 2018 жылы ҚТК 29% (7 көрсеткіштің 2), 2019 жылы 72% (7 көрсеткіштің 5) және 2020 жылы қызметтің түйінді көрсеткіштерінің 86% (7 көрсеткіштің 6) қол жеткізілмеген.
 
Соңғы 3 жылда "Қазпошта" АҚ Дүниежүзілік пошта одағының рейтингісінде жүйелі түрде төмен түсуде (2017 жылы - 46 орын, 2018 жылы – 49 орын, 2019 жылы – 52 орын). "Қазпошта" АҚ-ның рейтингтегі төмендеу қарқынын ескере отырып, Дүниежүзілік пошта одағының нұсқасы бойынша 20 жетекші пошта компанияларының қатарына кіру қойылған мақсатына қол жеткізе алмау тәуекелі бар.
 
2017 жылдан бастап "Қазпошта" АҚ-ның ауылдық жерде байланыстың әмбебап қызметтерін көрсетуден болған шығындары субсидиялануда.
 
Есеп комитетінің ақпараты бойынша, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Қазпошта" АҚ-ның пайдасына негізделмеген субсидиялар төлеуге әкеп соққан бұзушылықтарға жол берді. Осылайша, қалалық жерде жазылу бойынша мерзімді баспасөз басылымдарын тарату жөніндегі қызметтерді көрсету кезінде шығындар өтелген.
 
Түркістан қаласында бір жыл бұрын салынған және пайдалануға берілген құны 1 млрд. теңге болатын Цифрлық офис ғимараты қазіргі уақытта пайдаланылмайды. Ғимарат толық дайын болмай және жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкессіздікте пайдалануға қабылданды.
 
Отырыс қорытындысы бойынша Есеп комитеті Үкіметке, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру, активтерді басқарудың, бюджеттік субсидияларды басқару мен пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз ету бойынша тиісті ұсынымдар берді. "Қазпошта" АҚ-на анықталған бұзушылықтарды жою, салалық заңнама талаптарын сақтауды қамтамасыз етпеген лауазымды тұлғалардың жауапкершігін қарау бойынша тапсырмалар берілді.
 
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға 2 материал жіберілді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны