01.10.2008, 18:43 3161

Бас прокуратура 25 құрылыс компаниясының қызметінен қылмыстық іс-әрекеттердің белгілерін анықтады (толық нұсқасы)

Бас прокуратура 25 құрылыс компаниясының қызметінен қылмыстық іс-әрекеттердің белгілерін анықтады (толық нұсқасы)

Астана. 1 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Бас прокуратура 25 құрылыс компаниясының қызметінде құрылыс нысандарын тұрғызуға арналған ақша қаражатты жымқыру сияқты қылмыстық іс-әрекеттердің белгілерін анықтады. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

С.Нұрпейісовтың айтуынша, президенттің тапсырмасы бойынша Бас прокуратура үлескерлердің құқығын бұзған құрылыс компаниялары жұмысындағы заңдылықтың сақталуын тексеруді одан әрі жалғастыруда.

Қазақстанда жеке және заңды тұлғалардың үлескерлік ақшаларын тартып отырған 285 құрылысшы ұйымдар бар.

Бас прокуратурадағы мәліметтер бойынша бұл компанияларда Астанада, Алматыда және Алматы, Ақмола, Актөбе мен Маңғыстау облыстарында 407 құрылыс нысандарын салуда. Олар осы мақсатта 50 мың үлескердің жалпы сомасы 231 млрд. теңге қаражатын тартқан.

Прокуратура өзінің осы жолғы тексеруінде де құрылыс жұмыстары мүлдем жүрмей тұрған, тапсыру мерізімдері жарты жылдан аса кешеуілдеген немесе құрылыс кестесін өте-мөте бұзылып отырған нысандарға баса назар аударды. Мұндай нысандары бар компаниялар проблемалы ұйымдар қатарына жатқызылды.

Тексеруге барлығы 104 ұйым тұрғызып жатқан осындай 154 нысан қамтылды.

Біз жасаған талдау олардың әрқайсының орнын анықтап та берді. Мәселен, олардың ішінде 47 ұйымның ғана құрылыс жүргізу үшін қажетті активтері мен тәжрибелері бар болып шықты. Бұлар қаржы дағдарысы, құрылыс материалдарының қымбаттауы сияқты объективті себептерге байланысты қиыншылық кешіп отыр.

Ал 32 компания өздерінің үлескерлер алдындағы міндеттерін құрылыс жүргізудегі тәжрибелерінің жетімсіздігінен уақытылы орындай алмаған. Олар сметалық құжаттар мен жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін әу баста-ақ дұрыс жасамаған.

Ал қалған 25 құрылыс жүргізушінің қызметінде құрылыс нысандарын тұрғызуға арналған ақша қаражаттарын жымқыру сияқты қылмыстық іс-әрекеттердің белгілері анықталды. Бұлар өз кезегінде үлескерлердің баспаналарын уақытылы алу құқығының бұзылуына әкеліп соқтырды.

Сонымен қатар тексеру нәтижелері үлескерлік құрылыстың бүгінгі күйі тек қана еліміз бен әлем басынан кешіріп отырған бүгінгі күрделі жағдайға байланысты емес екенін тағы да анықтап берді. Оған негізінен жергілікті атқарушы органдар тарапынан жіберілген бақылаудың нашарлығынан болған құрылыс жүргізушілердің өздерінің заңға қайшы әрекеттері де себеп болған.

Мәселен, прокурорлар жеке құрылыс жүргізушілердің әрекетінде жалған кәсіпорындар арқылы қаражатты ұрлау белгілерін анықтады.

Мысалы, "Ақ Ауыл Корпорациясы" акционерлік қоғамының жоғары лауазымды қызметкерлері өздеріне сеніп тапсырылған азаматтардың ақшаларын осындай тәсілмен ұрлаудан шімірікпеген.

Бұл кәсіпорнының басшылары "Виктория" үй кешенін салу кезінде қосалқы мердігер ұйымдарға ("Десткомпани" акционерлік қоғамы, "Габион", "Бедел - Строй" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері) орындалмаған құрылыс-құрастыру жұмыстары үшін 2,5 млрд теңге аударған.

Тексеру барысында бұл мердігер ұйымдардың аталған құрылыс компанияларына еш қатысы жоқ жалған адамдардың атына тіркелгені анықталды.

Бұл фактілер бойынша материалдар 2008 жылдың 21 тамызында Астана қаласы бойынша Қаржы полициясының департаментіне жіберілді.

Сондай-ақ, қылмыстық-жазалау әрекеттерінің белгілері бар ақшаны иемдену, жұмсау және мақсатсыз қолдану фактілері анықталды. Нысандарды тапсыру мерзімдерінің бұзылғандығына қарамастан, аталған компаниялар халықтың ақшаларын басшылардың немесе жалған адамдардың жеке баюына жұмсаған.

Мысалы, "Бейбарыс Продактс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1,7 млрд астам теңге қол ақшаны мақсатсыз жұмсаған. Ақшаның бір бөлігі заңды тұлғаларға уақытша көмек ретінде берілді, ал қалғаны жеке қолдануға арналған автокөлік сатып алу үшін кеткен.

Мұндай қылмыстық әрекеттер белгілері тағы 20 құрылыс компанияның қызметінде анықталды. Олар: "Казтранском сервис компаниясы", "Байтерек НТ", "Стальстрой-С", "BS Group", "КазГлавСтрой", "Синегорье НС", "Верный KZ", "ТРЕК-АСТ", "НАЗ", "Авангард-строй", "Казстрой ЛТД", "Элитстрой Девелопмент", "Компания Казстрой", "Казкоммерцинжиниринг", "Vise N", "Казинжиринг", "АБК Құрылыс-2" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, "Ақ Ауыл" Корпорациясы" және "Столичная недвижимость" акционерлік қоғамы.

С.Нұрпейісовтың пікірінше, егер, жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан тиісті бақылау болғанда, аталған қылмыстық әрекеттердің және көптеген үлескерлердің құқықтарының бұзылуының алдын алуға болар еді.

Сонымен қатар, прокурорлар заңмен қарастырылған лицензиясыз үлескерлік құрылыс ұйымдастыру жөнінде жұмыс жүргізу фактілерін де анықтады.

Бұл арада уәкілетті органдар құрылыс жүргізушілердің заңсыз қызметінің алдын алуға ешқандай шара қолданбаған.

Ал осы кезде көптеген компаниялар лицензиясыз қызмет еткен, оның ішінде "Азбука жилья", "Алмас", "АКА-АБ", "СпецТрансСтройД" және "АКР-Астана" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар.

Ал, жергілікті органдардың кейбір жағдайларда күш-қуаты тиісті біліктілік талаптарына сай келмейтін, сондай-ақ тиісті құжаттары түгел емес ұйымдарға үлескерлердің қаржыларын тарту үшін лицензия бергені таң қалдырады.

Мысалы, Астана қаласы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылысты бақылау басқармасы "BI Group" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне үлескерлерді тарту үшін "Сармат" және "Лазурный берег" үй кешендерін салуға лицензия берген.

Ал, прокурорлар аталған объектілерде лицензия берілген кезде құрылыстың нөлдік циклі аяқталмағанын анықтады. Ол әлі күнге дейін дайын емес.

Бұл ретте құрылыстың нөлдік циклінің аталған біліктілік талаптарының бірі болып табылады.

Сонымен, "BI Group"-тің "үлкен өтініші" бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылысты бақылау басқармасының лауазымды тұлғалары қорытындыға құрылыстың бастапқы деңгейінің аяқталғаны туралы жалған мәліметтер енгізген.

Бұл факт бойынша материалдар да осы жылдың 21 тамызында іс жүргізу шешімін қабылдау үшін Астана қаласы бойынша қаржы полиция органына жіберілді.

Мұндай лицензиялар "ЖСК Инвест-1", "Нико", "Жұлдыз жолы", "Шеберинвест" және "Фирма Алекс" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне берілген .

Жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдардың мұндай әрекеттері ысқаяқ компанияларға үлескерлердің қаржысын тартып, кейін олардың құқығын бұзуға жол берді.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны