28.02.2007, 18:53 6703

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық сипатындағы 27 қылмыстық іс қозғалған - прокуратура

ОРАЛ. 28-ақпан. Kazakhstan Today. Батыс Қазақстан облысында 2007 жылдың екі айында сыбайлас жемқорлық сипатындағы 27 қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы сейсенбі күнгі баспасөз мәслихатында журналистерге облыс прокуроры Зарлық Лақпаев хабарлады.

"Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуді күшейтті, және де бұл тек бастамасы ғана",- деп атап өтті З. Лақпаев.

Прокуратураның мәліметтеріне сүйенсек, сыбайлас жемқорлық білім беру саласында жиі орын алуда, мұндай сипаттағы қылмыстар аудандық буында да, облыстық буында да анықталып отыр.

Атап айтқанда, прокуратура оқу сабақтарына арналған бейнероликтер түсіруге қатысты нақты іс жүзінде атқарылмаған жұмыстар үшін бюджеттік қаржының 1 млн 829 мың теңгенің төлемін жасаған облыстық білім беру басқармасының бастығы Светлана Бисембаеваның үстінен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 307-бабы бойынша (қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану) қылмыстық іс қозғады.

Сонымен қатар, "Жайықжылуэнерго" АҚ "Оралоблгаз" АҚ алдындағы 10 млн теңге көлеміндегі қарызын талап ету құқығын өткеріп беру туралы екі келісімге заңсыз қол қойған "Оралоблгаз" АҚ президентінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Осының салдарынан, прокуратураның мәліметтері бойынша, мемлекетке 8 млн теңгеден астам шығын келген.

Сондай-ақ, 4 млн 930 мың теңге сомасындағы нақты атқарылған қызмет бойынша есепшотта көрсетілген қаржыдан артық, 11 млн 990 мың теңгені "Перспектива КАН" ЖШС-ке аударған "Қалалықжолқұрылысы" МККО бастығына қатысты да қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен қатар, "Астанаэлитстрой" ЖШС атқарған жұмыстарды қабылдау актісіне қол қойған Орал қаласының құрылыс бөлімінің бастығына қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Аталмыш актіде 6 млн теңге сомасындағы жұмыстың атқарылғандығы туралы жалған мәліметтер көрсетілген.

З. Лақпаев прокуратура осы бағыттағы жұмыстарын одан әрі жалғастыратындығын атап өтті. "Халық өздерінің "батырларын" біле жүрсін, олардың аттары баспасөз беттерінде жарияланады",- деп сендірді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны