01.03.2013, 09:55 2994

Елбасы премьер-министрдің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевты қабылдады

Кездесу кезінде Б.Сағынтаев "Қазақстан-2050" Стратегиясында және Қазақстан Президентінің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында алға қойылған тапсырмаларды іске асыру барысы туралы баяндады, сондай-ақ қазіргі қызметі мен алдағы кезеңге арналған міндеттер жөнінде мәлімдеді.

Астана. 1-наурыз. Kazakhstan Today - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевты қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Кездесу кезінде Б.Сағынтаев "Қазақстан-2050" Стратегиясында және Қазақстан Президентінің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында алға қойылған тапсырмаларды іске асыру барысы туралы баяндады, сондай-ақ қазіргі қызметі мен алдағы кезеңге арналған міндеттер жөнінде мәлімдеді.

Мемлекет басшысы жаңадан құрылған министрлік алдында маңызды да кешенді міндеттер тұрғанын атап өтті.

"Өңірлік даму және кәсіпкерлік, тұрғын үй құрылысы мәселелерін - осы міндеттің бәрін Өңірлік даму министрлігі жүйелі деңгейде шешуі қажет. Біз еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөнінде бағдарлама қабылдадық, ол арқылы едәуір қаражат бөлу қарастырылады - оның іске асырылуына жете көңіл бөлген жөн. Сондай-ақ, өңірлерге әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылуын, қайда және қандай нысандар салынып жатқанын, олар белгіленген нормалар мен өлшемдерге қаншалықты жауап беретінін бақылап отыру қажет. Сонымен қатар, су тасқынының алдын алу шараларын жүргізуді көзден таса қылуға болмайды, су қоймалары мен су-техникалық ғимараттар қандай күйде екеніне бақылау жасау керек. Бәрін дер кезінде және мұқият тексеру қажет", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен бірлесіп өңірлерде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында пайдалануға берілген нысандардың жұмысына, олардың толық қуатында іске қосылуына бақылау жасауды тапсырды.

Б.Сағынтаев министрлік алдында Мемлекет басшысы жүктеген жедел іске асыруды талап ететін бірқатар міндеттерді орындау жөнінде ауқымды жұмыстар тұрғанына тоқталды.

"Негізгі тапсырманың бірі - мемлекеттік органдардың қаражатты игере алмау жағдайына талдау жасау. Облыстардың барлық әкімдеріне бөлінген қаржылық ресурстарды дер кезінде игеру қажеттігі туралы ескертілді. Егер бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша бюджеттік қаражат игерілмесе, онда бұл қаражат осы міндетті табысты орындаған өзге өңірлерге қайта бөлінетін болады", - деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі.

Бұған қоса, Б.Сағынтаев Мемлекет басшысының арнайы уәкілі ретінде Оңтүстік Корея Президенті Пак Кын Хенің инаугурациясына қатысқанын хабардар етті. Одан кейінгі кездесу барысында оңтүстіккореялық көшбасшы Қазақстанның және Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық ядролық қарусыздану ісіне қосқан жеке үлесін атап өткенін айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Б.Сағынтаевқа қаралған мәселелерді және алға қойылған міндеттерді одан әрі іске асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны