11.01.2008, 17:13 3225

Еліміздің төтенше жағдайлар министрі Сырдария өзеніндегі жағдаймен танысты

Еліміздің төтенше жағдайлар министрі Сырдария өзеніндегі жағдаймен танысты

Астана. 11 қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Еліміздің төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко кеше қызылорда облысына жасаған сапары аясында Сырдария өзеніндегі жағдаймен танысты, деп хабарлайды агенттік ресми БАҚ-тарға сілтеме жасап.

Су тасқынының алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар құрылымының дайындығы қаншалықты екендігін білу үшін еліміздің төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Қызылорда облысындағы қауіпті деген аймақтарды аралады. Министр Қызылорда су тоспасында болып, мұндағы атқарылған жұмыстардың барысымен танысты. Мамандар өзен арнасын тазарту мен кеңейту шаралары су тасқынын болдырмауға сеп болатынын айтады.

Өткен жылы табиғат апатының зардаптарын жоюға республикалық бюджеттен 927 миллион, ал бөгеттерді нығайтуға 33 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Одан басқа жергілікті бюджеттен де қомақты қаржы қаралған.

Нәтижесінде өзеннің қауіпті тұстары нығайтылып, дарияның біраз бөлігі кеңейтілді. Сондай-ақ, су тасқынынан зиян шеккен отбасыларына баспана салуға жер беріліп, "Наурыз" саяжай кешені құрылған. Электр энергиясы, су және телефон байланысымен қамтылған саяжайда қазір 156 үй салынды. Тұрғындар төтенше жағдайлар министрімен кездесуде қиын қыстау кезде үкіметтің қолдау көрсеткеніне ризашылықтарын білдірді.

Арал-Сырдария алаптық су шаруашылығы басқармасының басшылары қазір Сырдарияда Оңтүстік Қазақстан облысының Байырқұм елдімекені тұсынан төмен қарай қалың мұз қата бастағанын айтады. Ал, Қызылорда облысы аумағындағы мұздың қалыңдығы қазір 20-25 сантиметр. Дария табаны тазартылғанан кейін биыл өзеннің деңгейі төмендеген. Мұнда қазір секундына 600 текше метр су жіберілуде. Шардараға 2 миллиард текше метрден астам су жиналды. Яғни, қойманың тең жартысы суға толды деген сөз. Министр сондай-ақ, Сырдария бойын тікұшақпен аралап, мол суды өткізіп тұрған су тоспаларын көрді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны