23.11.2012, 17:27 2840

Гвардейск гарнизонында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі алқасының көшпелі отырысы болып өтті

ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, күн тәртібіне сәйкес Қарулы Күштердің 2012 жылғы қызметінің қорытындысы шығарылып, әскерлерді материалдық-техникалық қамтамасыз етудің жай-күйі, жауынгерлік әзірліктің сапасын көтеру, сондай-ақ армия басшылық құрамының әскери тәртіп пен құқықты қамтамасыз ету бойынша жұмысы қаралды.

Астана. 23-қараша. Kazakhstan Today - Гвардейск гарнизонында Қорғаныс ведомствосының басшысы Иділбек Жақсыбековтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі алқасының көшпелі отырысы болып өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, күн тәртібіне сәйкес Қарулы Күштердің 2012 жылғы қызметінің қорытындысы шығарылып, әскерлерді материалдық-техникалық қамтамасыз етудің жай-күйі, жауынгерлік әзірліктің сапасын көтеру, сондай-ақ армия басшылық құрамының әскери тәртіп пен құқықты қамтамасыз ету бойынша жұмысы қаралды.

"Біздің басты тапсырмаларымыздың бірі әскерлердің жауынгерлік әзірлігінің сапа көрсеткішін арттырып, кәсіби әскери басқару корпусын құру, сондай-ақ қатер төндіретін кез келген қауіп-қатерлерге сауатты жауап беру болып табылады", деп атап өтті Алқа отырысын ашқан Қорғаныс министрі Иділбек Жақсыбеков.

Жалпы ағымдағы жыл үздіксіз жауынгерлік әзірлікті жетілдіру және әскери жаттығуларды өткізу шараларына толы болды. Оның барлығы жаңа Искери доктрина ережелерінің талаптарына сәйкес, келісіліп бекітілген Қарулы Күштерді қолдану Жоспары аясында жүргізілді. Басты жұмыстар жеке құрамның дайындығын жетілдіре түсуге арналып "Қарулы Күштердің құрылғанына 20 жыл толуына - Қазақстан қауіпсіздігін қамтамасыз етуге біздің жанқиярлық еңбегіміз!" атты ұранмен сабақтасты.

Жыл бойы әртүрлі деңгейдегі 80-ге жуық жаттығулар өткізілді. Қорғаныс министрі жауынгерлік тапсырмаларды қоярда жағдайдың даму сценариінің барлық мүмкіндіктерін ескеріп, қолбасшылық пен жеке құрамды кез келген жағдайға яғни таулы жерде, теңіз жағасында, қала ішінде, күрделі ауа райында және тәуліктің кез-келген уақытына бейім болуға оқытудың қажет екенін атап өтті.

Алдағы 2013 жылғы жауынгерлік жарыстың ұраны: "Қуатты Армия - Қуатты Қазақстан!" деп аталады.

"Ұшу, жүргізу көрсеткіштері көңіл көншітерліктей, енді Елбасы - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы талап етіп отырғандай, жауынгерлік дайындықтың сапасына барынша көңіл бөлуіміз керек", деді Қорғаныс министрі.

Болашақта екіжақты жаттығулар өткізудің қажеттілігіне назар аударуға салмақ түсіре сөйлеген Министр жауынгерлік қимылдар театрындағы нақты жағдайды сезіну үшін шартты қарсыластың нақты адамдардан құралуын баса айтты.

"Биыл әскерлердің жауынгерлік қабілетін тексеру мақсатында жеке құрам марш жасай отырып, жоспарланбаған ауданда максимальді түрдегі жауынгерлік қимылдарға жақын мәселелерді пысықтады. Осы тәжірибені алдағы жылы да жалғастыру қажет", - деп атап өтті Қорғаныс министрі.

Қарулы Күштерді техникалық жарақтандыру жауынгерлік дайындықтың ажырамас бөлігі екенің сөзсіз. Қарулы Күштердің басшылық құрамы қару-жарақ пен оқ-дәрілердің, әскери техниканың есебі мен оларды сақтау мәселелерін талқылады. Министр сеніп тапсырылған нысандар үшін жауапкершілік командирлерге тікелей жүктелетінін қадап айтты.

Сонымен қатар, алқа отырысында тылдық қамтамасыз ету, полигон жабдықтарына қызмет көрсету, халықаралық ынтымақтастық, және әскери тәртіп мәселелері де қаралды.

Искери тәртіпке жасалған талдау Қарулы Күштерде бұл тақырыпта айтарлықтай ілгерлеу барын көрсетіп берді.

Қорғаныс министрі Қарулы Күштердің басшылық құрамына бағыныстағы бөлімшелерде әскери тәртіпті нығайту бойынша нақты шаралар қабылдау туралы тапсырмалар қойды.

Күзгі әскерге шақыру науқаны аяқталып келеді. 1-інші желтоқсан - Тұңғыш Қазақстан Президенті күні жас сарбаздар ант қабылдайды. Искери үйретілген резервті даярлауда атқарылған жұмыстардың ауқымы зор. Алқа отырысында запастағы офицерлерді шақыру және офицерлерді біздің жоғарғы оқу орындарында даярлау жөнінде сөз болды. Негізінде біз өз мамандарымызды өз елімізде даярлауымыз керектігіне баса көңіл бөлінді..

Министр Қарулы Күштердің алдына алдағы 2013 оқу жылының тапсырмалырын нақтылап берді. Оның ішінде әскерлердің далалық білігін жетілдіру, жауынгерлік дайындық пен әскери кадрлардың сапасын арттыру, әскери гарнизондардың инфрақұрылымын дамыту, өндірістің жаңа технологияларын енгізе отырып, отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенін қолдау шеңберіндегі жұмыстарды жалғастыру бар.

Қорғаныс министрі қойылған тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша атқарылатын жұмыстардың дер кезінде орындалуына салмақ түсіре сөйледі. Бұл дегеніміз, бір сөзбен айтқанда, Қарулы Күштердің жауынгерлік қабілетін айқындаса керек. Алқа отырысын жапқан Қорғаныс министрі әрбір лауазымды тұлға Отан қорғау жолындағы ортақ ісімізге лайықты үлесін қосатынына сенімдімін деді.

Алқа отырысы өтер алдында Жамбыл облысы Гвардейскі гарнизонының "Мәтібұлақ" полигонында Қазақстан республикасы Қарулы Күштері басшы құрамының оқу-әдістемелік жиыны өткенін атап өткен жөн.

Генералдер мен офицерлер бірінші кезекте дене тәрбиесі дайындығы бойынша нормативтер тапсырып, одан соң атыс дайындығынан және жауынгерлік машиналарды жүргізуден сынақ тапсырды. Олар әскери техниканы күрделендірілген кедергілері бар жолдармен жүргізіп өз кәсібиліктерін танытты.

Жиын қорытындысында атыс дайындығы бойынша Қазақстан Армиясы басшыларының жақсы нәтиже көрсеткендігі аталып өтті.

"Командир өз қарамағындағылар теңесуге талпынатындай асқан үлгі иесі болуға міндетті. Қарудан атуда мүлт кетпейтін, жауынгерлік машиналарды шеберлікпен жүргізетін, кез-келген ауыртпалықтардан шығуға жол таба алатын және әрқашан жеңіске жететін - біздің басшылық құрам осындай болуға тиіс. Осындай болуға әрқашанда талпынғанымыз жөн,- деп атап өтті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны