03.04.2008, 17:34 5111

Қарағанды өңірінің шахталарындағы жиі болатын өндірістік жарақат алу мен апаттардың негізгі себептері еңбек жағдайларының төмендігінен болуда

Қарағанды өңірінің шахталарындағы жиі болатын өндірістік жарақат алу мен апаттардың негізгі себептері еңбек жағдайларының төмендігінен болуда

Астана. 3-сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Қарағанды өңірінің шахталарындағы жиі болатын өндірістік жарақат алу мен апаттардың негізгі себептері еңбек жағдайларының төмендігінен болуда. Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Қарағанды өңірінің шахталарындағы жиі болатын өнідірістік жарақат алу мен авариялардың негізгі себептері бұрынғыдай қауіпсіздік пен гигиенаға сай келмейтін еңбек жағдайларының төмендігінен, тау-кен жұмыстарын жүргізу кезіндегі техника қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралардың болмауынан, сондай-ақ әбден ескірген жабдықтарды қолданудан болатындығы анықталды. Алайда аталған заң бұзушылықтар кәсіпорын басшыларының көмір өндіру көлемін және жұмыс қарқынын арттыра беруіне ешбір кедергі болмаған",- деді ресми өкіл.

С.Нұрпейісовтың айтуынша, заң талаптарына қарамастан көмір департаментерінің барлық 8 шахталарындағы жер астындағы жабдықтар амортизациялық жағынан 100 пайыз тозған және олар алмастыруға жатады.

Исіресе "Костенко атындағы" шахтада қолданылып жатқан 1948-65-ші жылы шыққан көтергіш машиналар туралы ерекше айта кеткен жөн. Ал олардың нормативтік қызмет көрсету мерзімі - 20 жыл. Бірақ шахта әкімшілігі жүздеген адамның өміріне қауіп келтіріп отырған бұл жәйт жөнінде үндемеуге тырысады. Ал техникалық қауіпсіздік ережелерінде дәл осы көтергіш машиналардың пайдалану жағдайына талаптар ерекше қойылады.

Сондай-ақ шахталардың қауіпсіздік жағдайына елеулі әсер ететін желдеткіш жүйелері де тозған болып шықты. Мәселен, "Қазақстан" шахтасында негізгі желдеткіш құрылғылары орнына қосалқы желдету желдеткiштерi қолданылады. Оның үстіне тиісті қолдану мерзімі тек 3 жыл болса да олар 4 жылдан астам жұмыс істеп тұр. Сайып келгенде бұл жағдай шахтаның бүкіл желдету жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуіне алып келіп, аппаты жағдай туғызады.

"Костенко атындағы", "Күзембаев атындағы" шахталарындағы бас желдету желдеткіштері 1964-67 жылдары шыққан, олардың қосалқы бөлшектері қазір тіпті шығарылмайды. Мұның өнеркәсiптiк қауiпсiздiктiң нормаларының сақталмауына елеулі ықпал ететіні сөзсіз.

Көмiр департаментiнiң барлық шахталарында 1994-96 жылдары шыққан ВМ-6М, ВМЦ-8 желдеткіштері осы уақытқа дейiн пайдаланып жүр, ал олардың төлқұжаттарында жұмыс істеу мерзiмi 4 жыл деп көрсетілген.

Мұндай тозығы жетіп, күні өткен жабдықтарды пайдалану шахтаны желдету жұмысының сенімділігіне нұқсан келтіретіндігі сөзсіз.

Енді газдан тазартуға арналған жабдықтар туралы.

Газдан тазарту үшiн "Шахтинск" шахтасында НВ-50 және ЖВН-50 түрінде 22 вакуум-сорабы қолданылса, олардың ішіндегі 8-і өз ресурсын әбден сарыққан.

Мұндай жағдай көмiр департаментiнiң барлық шахталарында орын алған. Ал 1997 жылдан бері "Арселлор Миттал Темiртау" акционерлiк қоғамында көмiр өндiру көлемi 2 есе артып отыр. Құрал-жабдықтар болса бәз-баяғы қалпында.

Еңбек кодексiнiң талаптары іс жүзiнде барлық шахталарда бұзылған: қызметшілер жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етiлмеген.

Мәселен, "Саран" шахтасы басшылары өткен 2007 жылы қызметшілердің қорғану құралдарына бөлінген бір миллионға жуық теңге қаржыны игермеген. Ал "Шахтинскде" 2004-06 жылдарда сатып алынған ШСС-Т маркалы 760 құтқару құрылғысының 35-сі қолдануға жарамсыз болып шықты.

Төтенше жағдайда мұндай құралдарды қолдану адамдардың өліміне әкеліп соқтыратыны анық.

Бұдан басқа, департаменттiң лауазымды адамдары қызметшілердің демалыс және еңбегі үшін көтермелеу жөніндегі конституциялық құқықтарын ұдайы шектеп отырған.

Мәселен, "Абай" шахтасының басшылары жер астындағы учаскелерінің қызметшілерін арнайы бұйрықсыз және жазбаша келісімсіз демалыс күндерi жұмыс істеткізген. Және бұл үшін ақы да төленбеген.

Кейбір шахталарда кеншілерді жер астында 20 сағат бойы жұмыс істетіп әбден тұралатып бірақ шығаратын болған. Ал жұмыс уақытынан тыс жұмыс берудің заң жүзіндегі нормасы бір сағаттан аспауы керек.

Мұндай заң бұзушылықтар департаменттiң барлық шахталарында анықталды.

Бұл заң бұзушылықтың барлығы "Арселлор Миталл Теміртау" акционерлік қоғамы әкімшілігінің өндірісте қайғылы оқиғалардың алдын алу және шахтерлердің әлеуметтік қорғауды жақсарту үшін бұрынғысынша ешбір шара қолданбай отырғанын көрсетеді.

"Сонымен бірге қалыптасып отырған бұл жағдай өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау заңдылықтарының сақталуына бақылау жасайтын өкілетті мемлекеттік органдардың қызметінің де ойдағыдай болмай отырғанының айқын белгісі",- деді ресми өкіл.

Оның айтуынша, өнеркәсiптiк қауiпсiздiк туралы республиканың заң актілеріне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы бірқатар ұсыныстар дайындалып жатыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны