27.05.2010, 17:04 3413

"Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" компаниясына қатысты жаңа процессуалдық шешім арбитраждық талқылаудан кейін қабылданады - Бас прокуратура

"Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" компаниясына қатысты жаңа процессуалдық шешім арбитраждық талқылаудан кейін қабылданады - Бас прокуратура

Астана. 27 мамыр. Kazakhstan Today - "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" компаниясына қатысты жаңа процессуалдық шешім арбитраждық талқылаудан кейін қабылданады. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today

"Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғағаны рас. Іс материалдарын зерттеу барысында белгілі болғанындай, тараптар, яғни, Қазақстанның уәкілетті органдары мен "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" компаниясы 187 млрд теңгенің шығынына ұшырату оқиғасы бойынша арбитраждық сотта дауласып жатқаны мәлім болды", - деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Оның айтуынша, "көрсетілген ақша көлемі мен шығын келтіру мәселесі бойынша тараптар, сот органы тұрғысынан азаматтық тәртіппен түпкілікті шешім қабылданбаған".

"Осыған байланысты прокуратура қаржы полициясы қабылдаған қылмыстық іс қозғау туралы қаулының күшін жойды", - деді Бас прокуратураның ресми өкілі.

"Сонымен бірге қаржы полициясына қосымша тексеру жүргізуге тапсырма берілген, қазір бұл тексеру жүргізіліп жатыр, сол себепті арбитраждық шешім қабылданғаннан кейін және Қазақстанның мүддесіне шығын келтіру оқиғасының нақты жай-жапсары анықталғаннан кейін жаңа процессуалдық шешім қабылданатын шығар", - деді Н. Сүйіндіков.

"Арбитраждық сотта іс ел аумағынан тысқары жерде қаралып жатыр", - деді ол.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" компаниясының басшылығына қатысты осы сәуір айында өздерінің 2002 - 2007 жылдардағы мұнай өндіру бойынша шығындарын асыра көрсету арқылы 187 млрд теңгені ұрлау және осы сомаға алушыларға мұнай сату дерегі бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғалды", - деді 29 сәуірде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) ресми өкілі М. Жұманбай.

Ол осы орайда ағымдағы жылдың 28 қаңтарында қаржы полициясы органдары "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" компаниясының Қазақстандағы филиалының лауазымды тұлғаларының үстінен "Заңсыз кәсіпкерлік жөніндегі" баптың мұнай және газ конденсатын өндіруді 2008 жылы жалпы көлемі 104 млрд теңгеге асырып жіберу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғағанын еске салып өтті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны