29.05.2015, 13:52 4041

Қазақстан делегациясы ИЫҰ СІМК 42-ші сессиясына қатысты

Кувейтте Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлерініӊ 42-ші сессиясы (ИЫҰ СІМК) болып өтті. Оныӊ жұмысына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрініӊ орынбасары Асқар Мусинов бастаған қазақстандық делегация қатысты

Астана. 29 Мамыр. Kazakhstan Today - Кувейтте Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлерініӊ 42-ші сессиясы (ИЫҰ СІМК) болып өтті. Оныӊ жұмысына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрініӊ орынбасары Асқар Мусинов бастаған қазақстандық делегация қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Қоғамдағы толеранттықты күшейту және терроризмге қарсы әрекет ету мәселелеріне арналған ИЫҰ СІМК барысында ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер делегациялары халықаралық күн тәртібініӊ өзекті проблемаларыныӊ кеӊ ауқымы бойынша пікірлермен алмасты. Йемендегі, Сириядағы, Ливиядағы және Ирактағы ахуалды, палестина-израиль жанжалын реттеу, бірқатар мұсылман елдерініӊ бейбіт өміріне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қауіп туғызатын Ирак пен Леванта ислам мемлекетініӊ (ИЛИМ) және басқа да экстремистік ұйымдар мен топтардыӊ күштеріне қарсы әрекет ету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды www.mfa.kz тілшісі.

СІМК-ге қатысушылар алдында сөз сөйлеген А. Мусинов Қазақстанныӊ мұсылман Үмбетініӊ көкейкесті проблемалары мен Ұйымныӊ таяу уақыттағы даму бағыты бойынша тұжырымын әӊгімеледі, оларды республиканыӊ конфессияаралық диалогты нығайту саласындағы, соныӊ ішінде Астанадағы Илемдік және дәстүрлі діндер съездерін өткізу арқылы жүргізіп отырған белсенді қызметімен таныстырды, сондай-ақ ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерді Қазақстанныӊ БҰҰ-да мұсылман елдерініӊ мүдделерін білдіруге деген әзірлігі мен тілегін атап өте отырып, 2017-2018 жж. кезеӊіне БҰҰ Қауіпсіздік Кеӊесініӊ тұрақты емес мүшесіне ҚР-ныӊ кандидатурасын қолдауға шақырды.

ИЫҰ СІМК шеӊберінде терроризмге, экстремизмге және исламофобияға қарсы күрес мәселелері бойынша арнайы сессия өтті. Болып өткен пікірталастар барысында қазақстандық делегация басшысы отырысқа қатысушылардыӊ назарларына аталған проблематикаға қатысты Қазақстанныӊ ұстанымын жеткізді, бұл ретте, еӊ алдымен, терроризм мен діни экстремизмді туғызатын себептермен және факторлармен күресудіӊ маӊызын атап өтті.

ИЫҰ СІМК 42-ші сессиясыныӊ қорытындылары бойынша саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және ұйымдастыру салаларында 90-нан астам қарар қабылданды. Негізгі ғаламдық және өӊірлік проблемалар бойынша ұстанымдар, мұсылман елдерініӊ бейбіт өміріне және тұрақтылығына төнетін қазіргі бар қауіптерге қарсы тұру үшін күш-жігерлерді шоғырландыруға үндеулер, терроризм мен экстремизмніӊ барлық түрлері мен көріністерін батыл айыптаулар айтылды.

ИЫҰ СІМК-де қабылданған қарарларда Қазақстанныӊ бұрынғы Семей ядролық полигоны, Арал теӊізі өӊірін қалпына келтіру, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы келісім және ядросыз әлем туралы әмбебап декларация, АӨСШК-ні қолдау және "ЭКСПО-2017" бойынша ұсыныстары, сондай-ақ Астанадағы штаб-пәтерімен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын (АҚИҰ) құру сияқты бастамалары қолдау тапты.

Сонымен бірге іс-шара ауқымында А. Мусиновтыӊ ИЫҰ-ға мүше бірқатар мемлекеттер делегацияларыныӊ басшыларымен екіжақты кездесулері өтті, олардыӊ барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық, көпжақты форматтардағы өзара іс-қимыл, соныӊ ішінде 2017-2018 жж. кезеӊіне БҰҰ Қауіпсіздік Кеӊесініӊ тұрақты емес мүшесіне Қазақстанныӊ кандидатурасын қолдау, "ЭКСПО-2017" өткізу, сондай-ақ АҚИҰ құрылтайшылық құжаттарына қол қою және ратификациялау мәселелерін талқылады.

ИЫҰ СІМК-ге қатысу шеӊберінде ҚР сыртқы саясат ведомствосы басшысыныӊ орынбасары сондай-ақ ИЫҰ Бас хатшысы Ияд бен Амин Маданимен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан мен ИЫҰ арасындағы ынтымақтастықтыӊ ағымдағы, соныӊ ішінде АҚИҰ-ға мүше елдер қатарын кеӊейту және Астанада оныӊ құрылтайшы Бас ассамблеясын және ИЫҰ ауыл шаруашылығы министрлерініӊ 7-ші кездесуін өткізу мәселелерін талқылады, сондай-ақ Ұйымныӊ жай-күйі мен оны дамытудыӊ келешегі туралы пікірлермен алмасты.

Ислам ынтымақтастығы ұйымы (2011 жылға дейін - Ислам конференциясы ұйымы) 1969 жылы құрылған. ИЫҰ Бас хатшылығы Жидда қаласында (Сауд Арабиясы Корольдігі) орналасқан.

Қазіргі уақытта ИЫҰ-ға халқы 1,5 млрд. болатын 56 мемлекет мүше болып табылады. 5 ел және 5 халықаралық ұйым байқаушы мәртебесіне ие. Қазақстан 1995 жылғы желтоқсан айынан бері Ұйымға мүше болып табылады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны