24.04.2007, 18:08 3094

Қазақстан елбасы Борис Ельциннің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтты


АСТАНА. 24 - сәуір. Kazakhstan Today. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Борис Ельциннің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтты, деп хабарлады Қазақстан Республикасы президентінің баспасөз қызметінен.

"Біз Ресей Федерациясының Тұңғыш Президенті Борис Николаевич Ельциннің қайтыс болғандығы туралы қайғылы хабарды естідік",- деді Н. Назарбаев.

"Борис Николаевичті мен ұзақ жылдардан бері, өмірдің сан түрлі сәттерінде, бірақ негізінен алғанда, әлбетте бірлескен жұмысымыз арқылы білемін",- деді Н. Назарбаев.

"Ельцин кезеңі бүкіл әлемнің саяси бет-бейнесін өзгерткен дәуірлік кезеңге айналды. Борис Николаевич Ресейді мүлдем жаңа рельске, еркіндік пен жаңғыру және нарық экономикасы бар дамыған елдердің қатарына көшіру рельсіне отырғызды",- деп атап өтті президент.

"Мұның барлығы күрес арқылы өрбіп жатты. Бұл күресте жеңіске жетіп, Ресейді мүлдем басқа, яғни жаңа Ресейге айналдыру үшін Ельцин сияқты темірдей ерік-жігерді, қайсарлылық пен қасиетті иеленуі керек еді",- деді елбасы.

"Кеңестер Одағы тараған кезде нақ Ресейдің және оның Тұңғыш Президенті Борис Ельциннің арқасында қақтығыстар мен қантөгістерге жол берілмеді, бұрынғы кеңестік республикалар өзара тату қарым-қатынасты сақтап қалды, олар тыныштықта өркендеп, өз тәуелсіздіктерін нығайтты", - деп атап өтті Қазақстан президенті.

Ресейдің бірінші президенті Борис Ельцин 2007 жылдың 23-сәуірінде жүрегі тоқтап қайтыс болды. Б. Ельцин Москвада Новодевичье зиратында жерленеді.

"Біз, қазақстандықтар, Борис Николаевич Ельцинді біздің халқымыздың, біздің еліміздің досы деп санаймыз. 1992 жылғы Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісім, 1998 жылы қол қойылған Мәңгілік достық және одақтастық туралы Декларация сияқты құжаттарда оның қолы қойылған",- деп еске сала кетті президент.

Елбасы Борис Николаевич Ельциннің туыстарына көңіл айтты. "Осы қайғылы күні Ельциннің отбасына - Наина Иосифовнаға, қыздары Елена мен Татьянаға біз сіздермен біргеміз, дегім келеді. Ешқашан сатқындыққа төзбеген, уәдеге берік досымыздың жарқын бейнесін мен өмір бойы өз жүрегімде сақтап өтем",- деді Қазақстанның президенті.

Қазақстан президентінің баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, Н. Назарбаев "Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге, Борис Николаевич Ельциннің туыстары мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады".

Ресейдің бірінші президенті Борис Ельцин дүйсенбі күні кешке жүрегі тоқтап, қайтыс болған. Ертең, 25-сәуір, Ресейде - қайғылы күн.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны