04.03.2010, 16:44 4692

Қазақстан мектептеріндегі спорт залдардың көпшілігі қойылатын талаптарға сәйкес келмейді - Бас прокуратура

Қазақстан мектептеріндегі спорт залдардың көпшілігі қойылатын талаптарға сәйкес келмейді - Бас прокуратура

Астана. 4 наурыз. Kazakhstan Today - Қазақстан мектептеріндегі спорт залдардың көпшілігі қойылатын талаптарға сәйкес келмейді. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Бас прокуратура тарапынан балалардың мектеп қабырғасында дене шынықтыру тәрбиесін алу құқықтарының сақталуы жағдайына талдау жүргізілді.

"Талдау дене шынықтыруды өткізудің 3 сағаттық апталық минимумы барлық жерлерде орындалмайтындығын, мүмкіндігі шектелген балалардың арнайы медициналық топтарда спортпен шұғылдануға құқықтары сақталмайтындығын, спорттық залдардың көпшілігінің қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіндігін, ал кейбір мектептерде олардың мүлдем жоқтығын, спорттық жабдықтардың жетіспеушілігін, сондай-ақ бірқатар мектептерде кәсіби педагогикалық білімі жоқ адамдардың дене шынықтыру сабақтарын өткізуге тартылатындығын көрсетті",- деді Н.Сүйіндіков.

Оның айтуынша, "мысалы, Жамбыл облысының Талас ауданында 29 мектептің 16-да спорт залдары мүлдем жоқ. Бір қызығы бұл мәселе тек ауылдық мекендерде өзекті емес. Қызылорда қаласының 4 мектебінде спортзалдары апат жағдайында, 6-да спортз алдың болуы тіпті мектеп құрылысының жобасында да көзделмеген.

Бас прокуратураның мәліметінше, мемлекеттік білім беру стандартында мектепте жүзу және шаңғы тебу дайындығы бойынша білім берудің міндеттілігі бекітілген. Алайда, республикамыздың көптеген мектептерінде бассейндердің және шаңғы базаларының жоқ болуына байланысты стандарттың бұл талабы іс жүзінде орындалмай келеді".

"Спорт залдарының жабдықталу жағдайы да көңілге қонымсыз. Мектептерде қолданылатын спорттық құралдар ондаған жыл бұрын алынып, тозған және әрі қарай пайдалануға жатпайды. Мәселен, Қарағанды облысы Қаражал қаласының №6 мектебiнде тек доп пен шаңғы ғана бар, олардың өзі істен шыққан.

Кәмелетке толмағандарды дене шынықтыруға тәрбиелеудегі кең тараған мәселелердің бірі жүйке және дене өсiп-жетiлуiндегi әртүрлі ауытқулары бар балалармен жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы болып табылады. Мұндай балалар көбінесе жәй ғана сабақтан босатылады, бұл ретте олар үшін ағзаға жағымды әсер ететін дене шынықтырумен айналысудың маңыздылығы ескерілмейді. Ал заңнамаға сай оларға арналған арнайы емдiк дене шынықтыру топтары ұйымдастырылуы тиіс",- деді ресми өкіл.

"Талдау қорытындысымен еліміздің Бiлiм және ғылым министрлiгiне оқушылардың дене шынықтыру тәрбиесіне құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы бар кемшіліктерді жоюға бағытталған кешенді шаралар қабылдау ұсынылды",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны