22.09.2009, 18:45 3926

Қазақстан президенті Шымкентте Тәуелсіздік ескерткішінің ашылуына қатысты

"Тәуелсіздік - әр халықтың қуанышы. Биыл біздің тәуелсіздігімізге 18 жыл толады. Біздің ата-бабаларымыз тәуелсіздік үшін қан төкті. Ендігі кезек біздікі: біз экономиканы көтеріп, шекараларымызды бекітіп, ішкі қауіпсіздікті бекемдей түсуге тиіспіз", - деді президент.

Шымкент. 22 қыркүйек. Kazakhstan Today - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымкенттегі Ордабасы алаңындағы Тәуелсіздік ескерткішінің ашылуына қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"15 жыл бұрын Ордабасы алаңында үлкен құрылтай болған. Бүгін осы Ордабасы алаңында тағы бңр қуанышты оқиға болып отыр", - деді Н. Назарбаев. Еске сала кетейік, 15 жыл бұрын Ордабасы дөңінде Шымкент маңында қазақ халқының бірігуіне негіз қалаған үш бидің құрметіне ескерткіш тұрғызылған болатын.

"Тәуелсіздік - әр халықтың қуанышы. Биыл біздің тәуелсіздігімізге 18 жыл толады. Біздің ата-бабаларымыз тәуелсіздік үшін қан төкті. Ендігі кезек біздікі: біз экономиканы көтеріп, шекараларымызды бекітіп, ішкі қауіпсіздікті бекемдей түсуге тиіспіз", - деді президент.

Сонымен бірге, Н. Назарбаев елімізде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар жобаның жүзеге асырылып жатқанын еске салды. "Қиындықтарға қарамастан, біз білім беру мен әлеуметтік салаға айрықша назар аударып отырмыз. Біз "Жол картасы" бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Тек Оңтүстік Қазақстан облысында 23 мектеп пен 2 балабақша салынды, 10 аурухана бой көтеріп, 130-ы жөндеуден өткізілді. Мұндай әлеуметтік қорғау тек біздің тәуелсіздігіміздің арқасында ғана мүмкін болды", - деді Н. Назарбаев.

"Біз түрлі тауқыметтерге қарамастан, жоғары деңгейге қол жеткіздік. Біздің елімізді шетелдер біліп, құрмет тұтатын болды, біз ЕҚЫҰ-ына төрағалық жасамақшымыз. Расында да біздің еліміз - тамаша! Біздің әлеуетіміз аса жоғары", - деді Н. Назарбаев.

Жер-Ананы бейнелейтін сегіз метрлік әйел орнатылған 24 метрлік стела түріндегі Тәуелсіздік ескерткіші үш айда тұрғызылды. Ол Қазыбек би, Ийтеке би және Төле би көшелерінің қиылысында орнатылды. Бұл да ескерткішге айқын мән-мазмұн бере түскен. Мәрмәр тұғыр оюмен өрнектелген, тұғырдың әр жақтарына үш бидің нақыл сөздері ойып жазылған.

Жобаны Бақыт Ишірбаев бастаған шығармашылық топ жасаған. Құрылыс құны - 48 млн теңге.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Оңтүстік Қазақстан облысына бүгінгі сапары барысында мемлекет басшысы кардиологиялық орталықта да болды. Нұрсұлтан Назарбаевқа жоғары деңгейдегі медициналық көмек көрсетілетін жаңа кардиохирургиялық бөлімше көрсетілді.

Кардиологиялық орталықта болған кезде президент жүрекке ашық жасалып жатқан операцияның барысын монитор арқылы тікелей бақылады. Ол сонымен қатар медицина қызметкерлерімен кездесіп, өз сөзінде кардиология - халықтың денсаулығын қорғаудағы ең жетекші сала екенін және үкіметтің бұл бағытқа баса назар аударатынын атап өтті.

Жүз орынға есептелген облыстық кардиологиялық орталық 2000 жылы ашылған. Қазір мұнда 120 орын бар, қарқынды терапия және жан сақтау, жүрек соғысы мен өткізгіштігі бұзылу, өткір және асқынған коронарлық ақау, артериялық гипертония, консультативтік бөлімшелер мен клиникалық-диагностикалық зертхана жұмыс істейді. 2005 жылғы маусымнан бері коронарография жасалуда, баллонды ангиопластика және стент жасау операциялары игерілген. Осы жылдың көктемінде ең жаңа жабдықтармен жабдықталған кардиохирургиялық бөлімше ашылды. Жаңа кардиохирургиялық бөлімшенің жабдықтарына 1 млрд 300 млн теңге жұмсалған, дәл осынша ақша құрылысқа жұмсалды. Мамыр айында жүрекке ашық жасалатын аортокоронарлық шунт жасау операциясы алғаш рет жасалды.

Жыл сайын 3 500 науқас стационарлық емдеуден өтеді, 7 мыңнан астамы консультативтік кеңес алады.

Сондай-ақ, Сайрам ауданында Н. Назарбаев заманауи макарон фабрикасының тұсаукесеріне қатысты.

Қуаты жылына 25 мың тоннаны құрайтын жаңа "Барыс-2007" макарон фабрикасының құрылысы 2007 жылы басталған. Жобаның құны - $10 млн. Фирма құрылтайшысы Мұқан Найымбековтың айтуынша, қазір фабрика Италияда өндірілген ең озық жабдықтармен жабдықталған. Осы тектес өндіріс Қазақстанда да, жалпы Орталық Азияда да жоқ. Кәсіпорында сағатына 3500 килограмм қысқа макарон өнімдерін өндіріп шығаратын автоматты үздіксіз желі орнатылған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны