18.09.2009, 14:03 5629

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының таныстырылымы өтті

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының таныстырылымы өтті

Астана. 18 қыркүйек. Kazakhstan Today - Мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің ұйымдастыруымен кеше "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Отырысты комитет төрайымы Гүлжан Қарағұсова жүргізді. 2007 жылғы 2 қыркүйекте болып өткен парламенттің сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесін, оның ішінде Есеп комитетін де күшейтудің қажеттілігіне тоқталған, сондай-ақ, осы мәселеге қатысты нұсқауларын "Нұр Отан" ХДП-сы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында да атап өткен.

Сонымен бірге қолданыстағы заңнама Есеп комитетінің қызметі саласында құқықтық жеткіліксіздіктер мен қайшылықтардың бар болуымен және оның қызметін реттеуде конституциялық ережелердің іске асуымен сипатталады.

Жаңадан ұсынылып отырған заң жобасы Есеп комитетінің міндеттері мен мәртебесін айқындап беруге бағытталған. Құжат мемлекеттік қаржылық бақылаудың халықаралық даму үрдістері мен Қазақстан саясатындағы өзгерістерді ескере отырып әзірленген, оның мақсаты туралы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев баяндама жасады.

Заң жобасы "Қазақстан Республикасының Конституциясы Есеп комитетін президентпен, парламент сенатымен және мәжіліспен теңгерімділік негізде қалыптастыру тәртібін регламенттейді, сөйтіп оның қаржылық бақылау жүйесінде президенттік және парламенттік негізді бірлестіретін және біз іске асыратын мемлекеттік функцияларға жоғары деңгейдегі жауапкершілік жүктеуді көрсететін ерекше мәртебесін белгілейді.

Сондай-ақ, Есеп комитетінің бақылау қызметін ұйымдастыру тәртібі, бақылау объектісін бақылау іс-шаралары жоспарына енгізудің негіздемесі, жоспардан тыс бақылау жүргізу және оның мерзімдері заңнамалық акт деңгейінде реттелмеген. Есеп комитеті қызметкерлерінің бақылау объектісі қызметкерлерімен өзара іс-қимылдарының шегі мен ауқымы белгіленбеген. Бұл бақылау іс-шараларының ашықтығын қамтамасыз етпейді және жанама түрде бақылау объектісінің құқықтары мен заңды мүдделерінің шектелуіне алып келеді.

Осы айтылғандардың негізінде, біз экономика және құқық саласындағы жетекші ғалымдар мен тәжірибелі мамандарды тартып, сондай-ақ халықаралық тәжірибенің оң нәтижелерін ескере отырып, Есеп комитеті туралы заңның тиісті жобасы дайындалды. Онда заң жобасының басты ережелері: Есеп комитетінің алқа мәртебесі туралы конституциялық ережені іске асыру, атап айтқанда, Есеп комитетінің отырысын ұйымдастыру және өткізу, шешім қабылдау және оның нәтижелерін ресімдеу тәртібін бекіту; Есеп комитетінің мүшелеріне қойылатын біліктілік талаптарын заңнамалық деңгейде бекіту; бақылауды жоспарлау, өткізу және оның нәтижелері бойынша шешім қабылдау тәртібін заңнамалық деңгейде регламенттеу; Есеп комитеті ұсынатын ақпараттың Конституцияның талаптарына сәйкес, есептіліктің барлық нысанын, көлемін және сипатын көрсетуі; бақылауды жоспарлау және жүзеге асыру кезінде Есеп комитетінің тәуелсіздігінің негіздерін бекіту болып табылады. Олардың қабылдануы Есеп комитетінің қызметінде ашықтықты қамтамасыз етуге және оның қазіргі кәсіби деңгейін қолдауға оң ықпалын тигізеді",- деді баяндамасында есеп комитетінің төрағасы .

Қолданыстағы заңнаманың Есеп комитеті туралы заң жобасымен үйлесімі мақсатында Бюджет кодексіне, "Бағалы қағаздар рыногы туралы" және "ҚР Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы" заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Заң жобалары үш ғылыми-зерттеу институтында сараптамадан өтіп, барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп депутаттар талқылауына ұсынылған.

Палата депутаттары Владимир Нехорошев, Егор Каппель, Сейітсұлтан Ийімбетов, Сансызбай Есіловтер баяндамашыға сұрақтар қойып, таныстырылым тартысты өтті.

Заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Төлебек Қосмамбетов жетекшілік жасайды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны