18.02.2014, 19:19 14060

Қазақстанда қазір қатерлі ісік ауруларын ерте диагностикалауға бағытталған 6 түрлі скрининг жүргізілуде

2014 жылы мұндай скринингтік тексерулер Атырау, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай облыстарында енгізіледі.

Алматы. 18 ақпан. Kazakhstan today. Қазақстанда қазір қатерлі ісік ауруларын ерте диагностикалауға бағытталған 6 түрлі скрининг жүргізілуде, деп хабарлайды Kazakhstan today.

2013 жылы өңеш, асқазан және еркектік без обырын ерте анықтауға скринингтік тексерулер пилоттық режімде Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар облыстарында, Астана және Алматы қалаларында өткізілді.

2014 жылы мұндай скринингтік тексерулер Атырау, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай облыстарында енгізіледі.

Онкологиялық ауруларды мысалға ала отырып, ауруларды ерте кезеңде анықтаудың экономикалық тиімділігін көрсетсек: сүт безі обырының 1-2 кезеңінде анықталған 1 адамды емдеу мемлекетке 780 мың теңгеге шықса, 4 кезеңінде бір науқасқа 26,5 млн. теңге жұмсалады. Яғни, 34 есе көп. Егер 4 кезеңде сүт безі обырымен анықталатын науқастар санын 15%-дан 5%-ға дейін азайтуға қол жеткізілсе, тек 4 кезеңдегі сүт безі обырын емдеуге кететін қаржыдан 9 млрд. теңге үнемделеді. Бұл бір ауру түрі бойынға ғана келтірілген мысал.

Скринингтік зерттеулер өткізудегі мақсат - ауруларды ерте кезеңде анықтау, белгілі бір ауру түрлеріне шалдығу тәуекелі бар тұрғындардың мақсатты топтарын тексеру, ауруларға соқтыратын тәуекел факторларын анықтау болып табылады.

Халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, скринингтік зерттеулер сапасын жетілдіру мақсатында тұрғындарды скринингтік зерттеулермен қамту көлемі 100%-дан 70% өзгертілді.

Алғаш рет Қазақстанда 2009 жылы скринингтің үш түрі: артериялық гипертензия, сүт безі обыры және жатыр мойны обыры скринингі енгізілді. Қазір ол Ұлттық скринингтік бағдарлама боп кеңейтіліп, 11 түрлі скрининг ел тұрғындарының 30% қамтиды. Оның ішінде 6 скрининг түрі қатерлі ісік ауруларын ерте диагностикалауға бағытталған.

2013 жылдың өзінде скринингтік зерттеулер нәтижесінде 879 мың адамнан алғаш рет түрлі аурулар анықталды.

Қатерлік ісік ауруларын ерте анықтауға жүргізілген скринингтер өткен жылы 1370 науқастан обыр дертін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік берді және обырға алып келуі мүмкін жағдайдағы 67400 адам анықталды.

2013 жылы 380 мыңға тарта әйел сүт безі обырына тексеріліп, 45 мың әйелден қатерсіз, ал 616 әйелден қатерлі ісік аурулары анықталды.

Жатыр мойны обыры скринингісінен 445 мың әйел өткізіліп, 190 жағдай ерте кезеңде белгілі болды.

Тік ішек обырына 895 мың адам тексеріліп, 6904 жағдайда ауру белгілері байқалды.

Өңеш және асқазан обырына скринингпен 150 мың адам қамтылып, 29 жағдайда өңеш, 66 жағдайда асқазан обыры анықталды.

Осы мерзімде 77 мың ер адам еркектік безі обырына тексеріліп, ерте кезеңде 156 ауру белгілі болды.

Скринингтік тексерулер өткізуді жетілдіру мақсатында халықаралық тәжірибе, Қазақстанда соңғы 5 жылда қатерлік ісікке шалдыққандардың жас ерекшеліктері зерттелді. Алынған мәліметтер тәуелсіз сарапшылармен бірге талқыланып, есеп құжаттамаларын, скринингтік тексерулер өткізу әдістері бойынша кеңестер берілді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны