14.11.2012, 15:46 3340

Көлік заңнамасына қызмет көрсету стандарттарына және әкімшілік кедергілерді азайтуға қатысты өзгертулер енгізу көзделуде

Аталған заң жобасының негізгі мақсаты: әкімшілік кедергілерді азайту, отандық көлік саласының бәсекелестікке қабілеттілігін және қызмет көрсету сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сонымен бірге заңнаманың халықаралық келісімдер талаптарымен үндесуі.

Астана. 14-қараша. Kazakhstan Today - Көлік және коммуникация министрлігі ҚР Парламентінің қарауына теміржол, автомобиль, су және әуе көліктері саласындағы заңнамалық базаны жетілдіре түсуге бағытталған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, аталған заң жобасының негізгі мақсаты: әкімшілік кедергілерді азайту, отандық көлік саласының бәсекелестікке қабілеттілігін және қызмет көрсету сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сонымен бірге заңнаманың халықаралық келісімдер талаптарымен үндесуі.

Автомобиль көлігі саласы бойынша автомобиль жолдарын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында автокөлік құралдарының толық салмағы мен білікке түсетін салмағын қозғалыс үстінде өлшеудің автоматтандырылған жүйесін енгізу ұсынылады. Бұл өз кезегінде бақылауды толығымен автоматтандырумен қатар, сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді, жүк автокөліктерін 100% тіркеуге алуға және жүкті жеткізу мерзімі мен тасымалдың өзіндік құнын азайтуға мүмкіндік береді.

Заңнамада қоғамдық көліктерге қатысты да бірқатар өзгертулер енгізу ұсынылуда, атап айтқанда автовокзалдар мен автобекеттердің, автобус пен такси көліктерімен жолаушы тасымалдаушылардың бірыңғай стандарттары мен электрондық билет жүйесін енгізу, автовокзалдар мен автобекеттер және такси қызметін ұйымдастыруды жергілікті атқарушы органға жүктеу.

Теміржол көлігі саласы бойынша "Қазақстан темір жолы"ҰК" АҚ-ның қызметін табиғи монополия саналатын магистральді теміржол желісі қызметін әлеуетті бәсекелес болып табылатын тасымалдау қызметінен бөлу арқылы теміржол саласының жаңа мақсатты моделін құру ұсынылады.

Сонымен бірге, заңнамада вокзал қызметтері мен жолаушылар тасымалы қызметінің сапа стандарттарын енгізу, мүгедек жандар мен халықтың шағын мобильді топтары үшін қолжетімдікті қамтамасыз ету, электрондық билеттеу жүйесін енгізу, билеттердің сатылымда болмауы және алыпсатарлар арқылы сатылу проблемаларын жою шеңберінде билет сатуды ұйымдастыруды регламенттеу ұсынылып отыр.

Азаматтық авиация саласы бойынша сапарлардың ұшу уақыты кешіктірілген немесе кейінгі қалдырылған жағдайларда жолаушыларға тиісті қызмет көрсетілмегені үшін жауапкершілікті күшейту, қызметтердің мүгедек жандар үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету, аэровокзалдардың қызметін регламенттеу. Бұнымен қоса, ұшу кезінде ұшақта өзін ұстау тәртібін бұзған, мобильді телефондарды пайдаланған және шылым шеккен жолаушыларды жауапкершілікке тарту да қарастырылған.

Авиа мекемелердің қызметіне тиісті бақылау және қадағалау жүргізуді қамтамасыз ету үшін сертификаттауды "Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығы" РМК қатысуымен құзырлы органдардың жүргізуі ұсынылады. Атап айтқанда, сертификаттық тексеру жүргізу міндеті "Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығы" РМК-ға жүктелетін болады. Тексеру қорытындысы бойынша Азаматтық авиация комитеті азаматтық авиация сертификатын беру немесе бермеу туралы шешім қабылдайтын болады.

Иуе тасымалы нарығын либерализациялау бойынша бірінші кезеңде 2012 жылғы 10 шілдедегі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру құжаттарын қысқарту және мемлекеттік органдардың бақылау мен қадағалау функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңымен қазақстандық әуе компаниялары арасында ішкі әуе бағыттарын бөлуге қатысты байқау ұйымдастыру алынып тасталған болатын.

Осы заңнама бойынша әуе тасымалы нарығын либерализациялаудың екінші кезеңін жүзеге асыру көзделуде. Атап айтқанда, Азаматтық авиация комитетінен тұрақты ішкі бағдарлардың кестесін бекіту функциясын алып тастау. Ұшуларды орындау мониторингі әуе қозғалысына қызмет көрсететін органдар ұсынған әуе тасымалын брондау және ұшуларды жоспарлау жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі.

Бұл шаралардың барлығы жолаушылар ағынын арттыруға, тарифтерді төмендетуге, ұшу географиясын кеңейтуге, әуежайлардың табысын көбейтуге септігін тигізетін болады.

Су көлігі саласы бойынша заңнамада кемелерді тану және қашықтан бақылау жүйесін енгізу, әкімшілік құқық бұзушылықтың қауіпті түрлері үшін айыппұл көлемін ұлғайту қарастырылған. Теңіз порттарындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруды "Теңіз портының әкімшілігі" институтының жоқ екенін ескере отырып, орталықтандырылған түрде ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитетіне беру ұсынылады.

Теңізші мамандарының тапшылығы мәселесін шешу үшін Қазақстанда теңізшілерді даярлаудың және диплом берудің халықаралық стандарттарын енгізуді көздейтін теңіз көлігі саласындағы халықаралық конвенцияның нормаларын қолдану ұсынылады. Аталған шара қазақстандық оқу орындары берген дипломның басқа мемлекеттердің территориясында жарамды болуын қамтамасыз етеді. Теңізшілерді даярлау бойынша білім беруді ұйымдастыруды сертификаттаумен бірге жүзу тәжірибесінен өтуді міндеттеуді енгізу де көзделуде.

Көлік қауіпсіздігі саласы бойынша инфрақұрылым нысандарының иелері мен тасымалдаушылар көлік нысандарын инженерлік-техникалық құралдармен және қауіпсіздік жүйелерімен жарақтандыруды қамтамасыз етулері қажет және олардың дағдарыстық жағдайға дайындығы туралы жоспарлары болуы тиіс. Жоғарыда аталған талаптар сақталмаған немесе бұзылған жағдайда заң жобасында әкімшілік жауапкершілік енгізу қарастырылған.

Бұдан өзге, әуе тасымалындағыдай көліктің барлық түрлерінде жолаушыларды тексеру механизмін енгізу ұсынылады. Мұндай тексерулер заңсыз араласу қаупі төнген кезде, ресми шаралар өткізу барысында және жеке тұлғаларға қатысты құқық қорғау органдары тарапынан шұғыл ақпарат түскен жағдайда ғана жүргізілетін болады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны