18.07.2016, 20:09 4608

ҚР Ішкі істер министрі Алматыдағы теракт туралы егжей-тегжейлі хабардар етті

Ақордада Қауіпсіздік Кеӊесініӊ шұғыл отырысын өткізген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы террорлық акт кезінде қаза тапқан полицейлердіӊ отбасына жан-жақты көмек көрсетілсін деген тапсырма берді

Астана. 18 шілде. Kazakhstan Today - Ақордада Қауіпсіздік Кеӊесініӊ шұғыл отырысын өткізген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы террорлық акт кезінде қаза тапқан полицейлердіӊ отбасына жан-жақты көмек көрсетілсін деген тапсырма берді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

"Бүгін Алматыда террорлық акт орын алды. Өкінішке қарай, тағы да адамдар қаза тапты. Мен қаза тапқан полицейлердіӊ отбасыларына көӊіл айтамын. Осы отбасыларға көмек беру үшін тиісті жергілікті органдарға заӊ аясында барлық шараны қолға алуды тапсырамын. Маған оқиға барысын баяндап беріӊіздер деймін, алда қандай іс-әрекетті қолға алатынымызды жоспарлау үшін. Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетініӊ төрағасын тыӊдағым келіп отыр",-деді Нұрсұлтан Назарбаев, деп хабарлайды inform.kz тілшісі.

Бірінші болып, ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Президентке Алматы оқиғасыныӊ толық хронологиясын мәлім етті.

"Бүгін таӊғы сағат 10.54-те белгісіз біреу Алматы аудандық ішкі істер басқармасына келген. Постыда отырған полиция қызметкері оныӊ құжатын сұрағанда, қылмыскер тапаншасын алып шығып, оған екі рет оқ атқан. Полиция қызметкерін жаралаған соӊ, қылмыскер оныӊ қаруын алып, кезекші бөлімге қарай бірнеше рет оқ атқан. Аудандық ішкі істер бөлімініӊ ауласында тұрған адамдарға қарай тағы бірнеше рет қару кезенген. Сол жерде төрт полиция қызметкері мен бір қарапайым адам жарақат алды. Бұл жарақат алған адам біздіӊ бұрынғы қызметкеріміз, қазір зейнетте жүрген адам еді. Осыдан кейін қылмыскер көшеге жүгіріп шығып, көлік тоқтатады да көлікке отырып кетеді. Анықтаған екінші адамымыз қысым көріп, Байзақов атындағы көшеге баруға мәжбүр болған екен. Екінші қылмыскер шақыру бойынша келе жатқан патрульдік полицияға оқ атқан және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментініӊ ғимаратына келіп, тағы бір патрульдік көлікке оқ жаудырған. Осылайша, тағы екі қызметкерімізді жаралады. Артынша, ол оқиға орнынан қашып кеткен. Қазір оны таптық. Қашқаннан соӊ ол тағы бір автокөлікті тоқтатып, Шекара қызметініӊ аға лейтенанты отырған көлікпен Абай атындағы көшеге дейін жетіп қалмақшы болған. Алайда, шекара қызметініӊ өкілі қарсылық танытқан. Ол үшінші мекенжайға барған шағында біздіӊ қызметкерлермен атысқан. Бір қызметкеріміз қаза тапты, екінші қызметкеріміз қылмыскерді жаралап, оныӊ қолына кісен салды. Барлық қару тәркіленді.

Біздіӊ қызметкерлерге оқ атқан тапаншаны Алматы аудандық ішкі істер бөлімініӊ жанынан таптық. Өткен түнде, сағат 03.52-де бұл адам бір әйелді өлтірген. Куәгерлердіӊ айтуынша, қылмыскер түнде жеӊіл жүрісті әйелдермен сөзге келген, бір әйел Өзбекстан елініӊ азаматы екен. Ол жеӊіл жүрісті әйел отырған көлікке келіп, такси жүргізушісінен көліктіӊ жарығын қосуды сұрайды, таксист айтқанын орындамаған соӊ, ол бүгін қылмыс жасаған қарумен атқан. Сөйтіп, көлікті айдап әкеткен. Ол көлікті біз қаза болған әйелдіӊ денесімен бірге таптық",-деді Қ.Қасымов.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны