24.12.2008, 12:38 1738

Мәжіліс "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасын мақұлдады

Мәжіліс "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасын мақұлдады

Астана. 24 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Мәжіліс депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасын мақұлдады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің қорытындысына сәйкес, сайлау туралы қолданыстағы заңға түзетулер енгізуді қарастыратын заң жобасы өткен сайлау науқанын талдауды ескере отырып, сайлау заңнамасын жетілдіру мақсатында, сондай-ақ Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2008 жылға арналған жоспарының 63-тармағын іске асыру мақсатында әзірленген.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстан үкіметі 11 қарашада "Сайлау туралы" конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мақұлдады.

Үкіметтің отырысында еліміздің әділет министрі Зағипа Балиеваның атап көрсеткеніндей, "қоғамды демократияландыруды күшейту мақсатында мемлекет басшысы парламент мәжілісін екіден кем емес саяси партияның қатысуымен жасақтауға мүмкіндік беретін құқықтық механизм құруды ұсынған". Осыған байланысты заң жобасында бірқатар нормалар қарастырылған. Атап айтсақ, парламент мәжілісінде екіден кем емес саяси партияның өкілеттілігінің болуына кепілдік берілген.

"Заңда 7-пайыздық тосқауыл қалдырылды, бірақ егер сайлауда бір ғана саяси партия өткен жағдайда, депутаттық мандаттарды таратуға көп дауыс жинаған келесі партия жіберіледі", - деді әділет министрі.

Бұл норма парламент мәжілісінде екіден кем емес саяси партияның өкілеттілігінің болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, өткен сайлаулардағы тәжірибенің негізінде сайлау процессін жетілдіре түсуге мүмкіндік беретін өзгерістер ұсынылып отыр. Атап айтсақ, Орталық сайлау комиссиясының президенттіктен үміткерлердің сенімді тұлғаларын тіркеу құзыреті аумақтық сайлау комиссияларына беріледі. Сайлау комиссияларының мемлекеттік қызмет болып табылмайтын мүшелеріне сайлауға дайындық және оны өткізу кезеңінде сайлауды өткізуге бөлінген қаржының есебінен ең төменгі үш айлық жалақының көлемінде жалақы белгіленеді.

З. Балиеваның нақтылауынша, сондай-ақ, БАҚ-тарға үміткерлер туралы ақпаратты бірдей эфир уақыты мен басылым өнімінің бірдей көлемінде, мысалы, әр үміткерге 10-15 минуттан эфир уақыты көлемінде ақпарат жариялау туралы міндеттеме жүктелмек.

"Сайлау комиссияларының жұмысын оңтайландыру және шығып қалған мәслихат депутаттарының сайлау мерзімін реттеу үшін сайлауды бір уақытта наурыздың соңғы жексенбісі мен қазанның соңғы жексенбісінде өткізу ұсынылып отыр. Орталық сайлау комиссиясымен келісу арқылы сайлауды тиісті аумақтық комиссия басқа күнге тағайындай алады", - деді З.Балиева.

Сондай-ақ, нақтылау және редакциялық сипаттағы басқа да түзетулер енгізіледі. З. Балиеваның айтуынша, "сайлау - азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысу жөніндегі конституциялық құқығын жүзеге асыратын институт, мемлекетіміздің конституциялық құрылымының негізі болып табылады, және сайлау заңнамасына енгізілетін түрлі өзгерістер азаматтық қоғамның ұдайы жіті назарында".

"Ұсынылып отырған жобада Қазақстанға қазіргі кезеңде жоғарыда аталған мақсаттарды шешуге мүмкіндік беретін барлық норма ескерілген деп санаймын және азаматтық қоғамның қарсылығына ұшырамайды деген пікірдемін", -деді әділет министрі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны