08.04.2009, 15:39 2717

Мәжіліс Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады (толықтырылған)

Мәжіліс Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады (толықтырылған)

Астана. 8 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Мәжіліс депутаттары бүгін өткен палатаның жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

Заң жобасы бойынша бастамашылардың бірі - депутат Гүлнәр Сейтмағанбетова сөз сөйледі.

Айта кету керек, бұл заң жобасына депутаттар Дарья Клебанова, Айткүл Самақова және Гүлнәр Сейтмағанбетовалар бастамашылық жасаған.

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің жобасын жұмысшы тобында талқылау барысында, денсаулық сақтау мәселелері бойынша қолданыстағы кейбір заңнамалық актілерді Кодекс жобасына сәйкес келтіру қажеттігі туындады.

Заң дайындаушы орган тарапынан ондай заң жобасының түспеуіне байланысты, Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 1-тармақшасын басшылыққа ала отырып бір топ депутаттар бастамашы болып осы Заң жобасын әзірлеп, парламент мәжілісінің қарауына ұсынды.

Заң жобасы қолданыстағы заңнамалық актілерді "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің жобасына сәйкес келтіру мақсатында әзірленген. Сонымен қатар заң жобасын дайындау Қазақстан Республикасының заңнамасын қоғам өмірінің тиісті салаларына қолдану тәжірибесі есепке алына отырып жүзеге асырылған.

Атап айтар болсақ, Қылмыстық, "Икімшілік құқық бұзушылық туралы" және Еңбек кодекстеріне толықтырулар енгізіліп отыр. Оның ішінде медицина қызметкерлерінің клиникалық зерттеулер жүргізу тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікті белгілеу көзделген. Темекіге қатысты заңдарды бұзғандарды және дәрілік заттармен қамтамасыз ету ережелерін сақтамағандарды жауапкершілікке тартуды күшейту үшін аталған кодекстерге түзетулер енгізіліп отыр. Сондай-ақ "Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы", "Жарнама туралы" "Жеке кәсіпкерлік туралы" және бірқатар заңдарға түзетулер қарастырылған. Заң жобасы бойынша үкіметтен оң қорытынды алынған.

Депутат Майра Айсина заң жобасына қатысты түсінік берді. Бас комитет пен депутаттар тағы да толықтырулар енгізген. Қорытынды салыстырма кестеге 29 түзету енді. Мәжіліс депутатары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау жөнінде дауыс берді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны