17.11.2006, 18:45 2908

Мемлекет басшысы Анталияда өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының VIII саммитіне қатысты

АСТАНА. 17-қараша. Kazakhstan Today. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Анталияда өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының VIII саммитіне қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Саммит жұмысына қатысқан Изербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия Республикаларының мемлекет басшылары Түркітілдес мемлекеттер арасындағы ортақ тарих, болмыс, мәдениет және тіл біртұтастығы, достық, теңдік және өзара тиімділік негізіндегі барлық салада қалыптасқан жоғары деңгейдегі қарым-қатынастар мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Саммитке қатысушы мемлекет басшылары әлемдік және өңірлік бейбітшілік, қауіпсіздік, тұрлаулылық пен гүлденуді қамтамасыз ету бағытында екі жақты және көп жақты іс-қимылдарды қолдай отырып, дағдарыстарды бейбіт жолдармен шешу принциптеріне ниеттес екендіктерін атап өтті.

- Бүгінгі таңда Қазақстан мен түркітілдес мемлекеттер арасында шешімін таппай жатқан мәселе жоқ. Егемендік алған 15 жылдың ішінде арамыздағы саяси, әскери, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар мен өзара ықпалдастық біртіндеп стратегиялық әріптестікке алып келді. Елдеріміздің экономикалық әлеуеті жылдан-жылға өсіп келеді, бұл да өз кезегінде білім, мәдениет саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін зор мүмкіндік береді. Сондықтан кең ауқымды түркітілдес халықтардың мәдениет күндерін өткізіп, өз тілдерімізде ортақ тарих, әдебиет, өнер, поэзия анталогияларын шығаруды және оларды әлем тілдеріне аударуды жолға қою қажет деп білемін. Бұл мақсатта қазіргі таңдағы ақпараттық медиа мен озық үлгідегі технология көздері ұсынып отырған мүмкіндіктерді барынша қолдағанымыз жөн. Ұлттық-рухани сипатымызға жаһандану үрдісінің төндіріп отырған қаупіне ТҮРКСОЙ аясында бірлесе қарсы тұра аламыз. Ортақ тарихымыздың, өнеріміздің, рухани байлығымыздың қазыналарын алдымен өз арамызда танытып, үйретуге міндеттіміз. Күн тәртібінде тұрған тағы бір мәселе - түркітілдес халықтардың көркем, ғылыми және танымдық әдебиеттерінің ортақ бірыңғай қорын құру. Мәдениет, ғылым, білім салаларындағы қатынастарды нығайтумен қатар экономикалық ынтымақтастықты арттыру кезек күттірмейтін іс. Мәселен, бір ғана - жүк тасымалдау мәселесін шешу қанша пайда әкеледі. Ең алдымен, Алматыдан Мешхед арқылы Ыстамбұлға келетін контейнерлі жүк тасу жолын тұрақты түрде іске қосу арқылы бабалар салған Ұлы Жібек жолын қалпына келтіретін боламыз. Келесі бір маңызды мәселе - елдеріміздің іскер топ өкілдері арасындағы тығыз ынтымақтастықты жүйелі түрде жолға қою. Түркияның бұл бағытта тәжірибесі де, мүмкіндігі де жеткілікті. Біздің интеграциялануымыз - өңіріміздің тұрақтылығына, прогреске, экономикалық тәуелсіздік пен орнықты дамуға апаратын жол. Тек осындай жағдайда ғана біз - түркі әлемі жасампаздыққа ие бола аламыз, - деп атап өтті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөйлеген сөзінде.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Қазақстанда "Мәдени мұра" бағдарламасының шеңберінде халқымыздың тарихы, ауыз әдебиеті, ұлттық құндылықтары, қолөнері мен салт-дәстүрін насихаттауда, оларды жинақтап-жариялауда көптеген істер тындырылғанын атап көрсетті. Осы тұрғыда "Түркітілдес халықтардың мәдени мұрасы" атты халықаралық бағдарламаның қабылдануына бірлесе қолдау білдіру қажеттілігін атап өтті. Елбасы өз сөзінде жуырда ғана тілі мен ділі бір түркітілдес мемлекеттер мен халықтарының құрылтайын өткізіп, бүгінде түркітілдес мемлекеттер басшыларының басқосуын ұйымдастырып отырған Түрік Республикасының басшылығы мен әрдайым ыстық ықыласпен құшақ жая қарсы алатын бауырлас түрік халқына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына, Түркияның Еуропа Одағына мүшелікке өтуі болашақта түркі әлемінің экономикалық, қаржылық байланыстар арқылы интеграциялануы үрдісіне серпін беріп, жеделдететін атап айтты. Осы тұрғыда Орталық Азия мемлекеттерінің одағын құру жөніндегі бастама аталған үрдісті ілгерілететін қозғаушы күшке айналатынына сенім білдірді.

- Анталия саммиті бауырлас түркітілдес халықтар республикаларының өз тәуелсіздіктерін алғанына 15 жыл толу қарсаңында болып жатқаны - біздің кездесуімізге ерекше маңыз береді. Алғашқы саммитке қатысқанда өз тәуелсіздіктерін жаңа ғана алған жас мемлекеттер бүгін халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесі болып, дүниежүзінің саяси сахнасында берік орын алып отыр. Осыған байланысты Анталия саммиті біздің мемлекетеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің басталуына мұрындық болмақ. Біздің елдеріміз аумағындағы табиғат байлығы мен шикізат қорларын әлем нарығына үздіксіз, тұрақты және үнемді түрде тасымалданып тұруына мүмкіндік беруіміз керек. Осы қатарда шілде айында іске қосылған Ақтау-Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбырының маңызы зор, - деп атап өтті Түркия Республикасының президенті Ахмед Неджет Сезер.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны