05.03.2010, 14:43 6923

Мемлекет басшысы Қазақстан әйелдерін Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады

"Шығыста әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді деген мақал бар. Сіздер отбасында, қоғамдық қызметте, саясатта, бизнесте, өмірдің сан-саласында ер-азаматтармен бірге жұмыс істеп келесіздер. Осы орайда сіздерге еліміздің дамуының барлық саласында істеп жатқан жұмыстарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін", деді президент.

Астана. 5 наурыз. Kazakhstan Today - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы әйелдер қауымын 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Құрметті біздің әйелдер! Мен бүгін сіздермен кездескеніме қуаныштымын және сіздер арқылы еліміздегі барлық әйелдер қауымын, бүтіннің жартыларын емес, еліміз тұрғындарының ең көркем де көрікті әрі басымдықтағы бөлігін құттықтап отырғаныма қуаныштымын", - деді мемлекет басшысы Ақордаға қабылдауға келген әйелдер қауымының өкілдеріне қаратып айтқан сөзінде.

"Шығыста әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді деген мақал бар. Сіздер отбасында, қоғамдық қызметте, саясатта, бизнесте, өмірдің сан-саласында ер-азаматтармен бірге жұмыс істеп келесіздер. Осы орайда сіздерге еліміздің дамуының барлық саласында істеп жатқан жұмыстарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін", деді президент.

Ол 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі ел мәдениетіндегі аса маңызды бөлігі деп атап көрсетті. Н. Назарбаев биыл 8-наурыз мерекесі 100-ші рет атап өтілгелі отырғанын еске салып өтті.

Елбасы Қазақстан биылдан бастап өз дамуының жаңа сатысына бетбұрыс жасағанын атап көрсетті. "Біз жеткен жетістіктерде әйелдердің өлшеусіз үлесі бар. Ендігі жерде де біздің бағдарламаларымызға әйелдер белсене атсалысады деп сенемін", - деді мемлекет басшысы.

Бұған қоса Н. Назарбаев "соғыс пен тыл ардагерлеріне айрықша құттықтау жеткізу керек" деп атап өтті.

Президент сонымен қатар Қазақстан әйелдеріне "еліміздің өнегелі ұл-қыздарын тәрбиелеп, ер-азаматтарға сенімді тірек болуды" тіледі. "Ал ерлердің міндеті - өз отбасыларының, әйелдер мен балалардың жырғаулы әл-ауқатын жасау және еліміздің дамуын қамтамасыз ету",- деді президент.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны