13.04.2007, 17:20 3164

Мемлекет тарапынан қорғалуға тиіс нысандардың тізімін мұнайгаз секторының нысандарымен толықтыру керек - ІІМ

АСТАНА. 13-сәуір. Kazakhstan Today. Мемлекет тарапынан қорғалуға тиіс нысандардың тізімін мұнайгаз секторының нысандарымен толықтыру керек. Тізімді толықтыру жөнінде үкіметтен өтіну туралы шешім Ішкі істер министрлігінде республиканың мұнайгаз кешені нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған мекемеаралық жұмыс бабындағы кездесуде қабылданды. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігіне ҚР ІІМ-нің ақпарат және бұқаралық байланыс орталығынан хабарлады.

"Мұнайгаз секторы кәсіпорындарын мемлекет тарапынан қорғалуға тиіс нысандардың тізіміне заң жүзінде енгізгенде аумақтық ІІД-інде оларды күзету үшін шұғыл әрекет етуші топтарды құру межеленген",- деп түсіндіреді орталық.

Кездесу барысында сонымен қатар мұнайгаз кешенің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты, соның ішінде мұнайгаз саласының инфрақұрылымдық нысандарын қорғау деңгейін көтеруге бағытталған кешенді шаралар қолдану, ұңғылар мен мұнай құбырларынан шикі мұнай ұрлауға қарсы күрес, мұнай өңдеумен шұғылданатын шағын зауыттарды анықтап жою, сондай-ақ, мұнай ұрлауды кәсіпке айналдырған ұйымдасқан қылмысқа қарсы тұру мәселелері талқыланды.

"Заңнамаға мұнайгаз секторы нысандарына қастандық жасау, бірінші кезекте мұнай мен мұнай өнімдерін ұрлау, заңсыз сақтау, өңдеу, қабылдау және сату оқиғалары үшін жүктелетін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған өзгерістер енгізу мәселелері де талқыланды",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Сонымен бірге тәртіп сақшыларының ақпаратына сәйкес, Ресей ІІМ-нің ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген мұнай және мұнай өнімдерінің құбырына заңсыз қол сұғу оқиғаларын анықтауға мүмкіндік беретін "Магистраль" және "Қақпан" жүйелерін пайдалану мүмкіндігі сараланды.

Кездесу қорытындысы бойынша энергетика және минералды ресурстар министрлігіне терминалдардың мұнай қабылдауы мен жөнелту жұмыстарын қамтамасыз етуге қажетті құжаттардың тізімін заңнамалық тұрғыда бекіту мәселесін шешу жөнінде нұсқау берілді.

Кеңеске ішкі істер вице-министрі Алик Шпекбаев, ҰҚК, энергетика және минералды ресурстар министрлігінің, төтенше жағдайлар, көлік және коммуникациялар министрліктерінің басшылары, күзет ұйымдары қауымдастығының, "ҚазМұнайГаз ҰК", "Семсер" АҚ басшылары қатысты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны