07.07.2016, 16:58 3833

ОҚО-да шекара бойындағы үйлерді көшіру жайы айтылды

Оӊтүстік Қазақстан облысыныӊ әкімдігінде өӊір басшысы Б.Атамқұловтыӊ төрағалымен Сарыағаш ауданы, Достық елді мекеніндегі шекара бойында 100 метр қашықтықта орналасқан үйлер бойынша шұғыл жиналыс өтті

Астана. 7 шілде. Kazakhstan Today - Оӊтүстік Қазақстан облысыныӊ әкімдігінде өӊір басшысы Б.Атамқұловтыӊ төрағалымен Сарыағаш ауданы, Достық елді мекеніндегі шекара бойында 100 метр қашықтықта орналасқан үйлер бойынша шұғыл жиналыс өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Мәжілісте 2005 жылы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы шекара демаркацияланып, шекара сызығы анықталғаннан кейін онда қалып қойған Достық елді мекеніндегі 10 үйдіӊ мәселесі қаралды.

Сондай-ақ, басқосуда аталған 10 отбасыны көшіру мақсатында Достық ауылына баратын Абай-Калхабад тас жолыныӊ екі жақ бетінен 80 га жерді беру үшін Достық елді мекенініӊ оӊтайландырылған жоспары жасалғаны айтылды.

Жиында аймақ басшысыныӊ тапсырмасына сәйкес, аталған елді мекенніӊ тұрғындарымен кездесіп қайтқан облыс әкімініӊ орынбасары Ж.Бөкенбаев мән-жайды баяндады. Ол өз сөзінде тұрғындардыӊ мүлкін заӊдастыруға көмектесуін және мемлекет тарапынан өтемақы алып, басқа жерге көшіру туралы өтініштерін жеткізді.

Сондай-ақ, облыс әкімініӊ орынбасары бұл аумаққа мемлекет есебінен газ, су тарту экономикалық жағынан тиімсіз болғандықтан бүгінге дейін ауыл тұрғындары көгілдір отынсыз және ауыз суды 3 шақырым қашықтықта орналасқан Ұшқын елді мекенінен тасымалдап ішіп келетінін айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобын құруды және ауыл тұрғындарын басқа жерге қоныстандырғанша ауыз сумен қоса сығымдалған газбен қамтамасыз етілуі қажеттігін айтты. Сонымен қатар, аудан әкімдігіне шұғыл түрде аталған үйлер бойынша түгендеу жұмыстарын жүргізуді және мүлікті заӊдастыру бойынша құжаттарын рәсімдеуге көмектесуді тапсырды.

ОҚО әкімініӊ баспасөз қызметі

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны