24.01.2007, 12:20 3006

Парламент Еңбек кодексінің жобасы бойынша келісім комиссиясын құрды

АСТАНА. 24-қаңтар. Kazakhstan Today. Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Еңбек кодексінің жобасы бойынша парламент палаталары арасындағы келіспеушілікті еңсеру үшін келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Сенаттың ұсыныстарының басым бөлігімен комитет келісті. Бірақ кейбір ережелерге қатысты келіспеушіліктер бар. Осыған байланысты біз келісім комиссиясын құруды ұсынамыз",- деді мәжіліс депутаты Валерий Котович.

Сонымен бірге кодекске қосымша "Еңбекті реттеу мәселелеріне қатысты заңдық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңының жобасы бойынша да келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылданды.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Еңбек кодексінің жобасы енбек нарығының тұрақты қызмет етуі және еңбек ұжымдарының мүдделерін бір ретке келтіру мақсатымен жасалған. Бұл құжат еңбек және ұжымдық келісімдердің жасалуы және орындалуын, еңбек дауларын шешуді қамтамасыз етеді.

Еңбек кодексінің жобасы еңбек дауларын екі деңгейде шешуге мүмкіндік береді. Оның бірі- келісім комиссиясы болса, екіншісі еңбек арбитражы немесе сот орындары болмақ. Құжатта жұмыс беруші мен жұмысшылардың еңбек келісімшарттарына өзгеріс енгізу мүмкіндіктері қарастырылған. Олар -қызметкерлерді аттестациядан өткізу, оқуға бару үшін демалыс алу және кәсіби деңгейін көтеру, сонымен қатар, (Қазақстанның ДСҰ енуіне байланысты) бәсекелестік етпеу туралы жайт. Сондай-ақ, еңбеккерлерді әлеуметтік қорғау мақсатымен жобада жартылай еңбекпен қамтамасыз ету, жұмысынан айырылып қалған жайда өтемақы алу және жұмысқа сағатпен жалдану сияқты жайттар қарастырылған.

Сонымен қатар, құжатта еңбек өнімділігін арттыру мақсатымен жұмысшылар мен жұмыс берушілерді ынталандыру, еңбек қатынастарын заңдастыру реттері де көрініс тапқан.

Заң жобасын мәжілісте қарау барысында үкімет депутаттардың жұмыскердің еңбек демалысының мерзімін кемінде 24 күнтізбелік күнмен белгілеу, жұмысқа амалсыз шыға алмай қалған уақыт үшін 3 айдан жарты жылға дейін орташа жалақы төлеу, уақытша еңбек қабілетінен айрылған жағдайда орташа айлық жалақы көлемінде жәрдемақы төлеу секілді ұсыныстарын қолдады. Сонымен бірге үкімет ауылда жұмыс істейтін азаматтық қызметшілерге 25 проценттен кем түспейтін лауазымдық ақылар мен тарифтік ставкалар қою туралы ұсыныстарды қолдады.

Сонымен қатар, депутаттар заң жобасына жұмыс берушінің еңбек заңнамасын бұзбаған жағдайда зейнетке шығуына 3 жыл қалған жұмысшымен арадағы еңбек туралы келісім шартты бұзуға шектеу қою туралы норманы енгізді.

Заң жобасында жұмыс берушінің еңбекті қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуіндегі міндеттері кеңейтілді. Осы ретте жұмыс берушіге ҚР құқықтық актілерінде тыйым салынбаған көздерден және өз қаржысынан еңбекті қорғау және қауіспіздікті қамтамасыз ету шараларын жүргізуді қаржыландыру туралы норма енгізілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны