24.11.2006, 11:37 2989

Парламент сайлау науқаны кезінде митинг өткізуге салынатын тыйымды алу туралы заңды қабылдады - толықтырылған нұсқа

АСТАНА. 24-қараша. Kazakhstan Today. Парламент палаталарының бүгін өткен жалпы отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екінші оқылымда қарап, қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі.

"Конституциялық заңның жобасы қолданыстағы "Сайлау туралы" заңнан 44-баптың 6-тармағын алып тастауды ұсынады. Онда сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары аяқталғаннан бастап сайлау қорытындысы ресми түрде жарияланғанға дейін митингілер, шерулер мен демонстрациялар сынды қоғамдық, топтық және жеке мүдделерді паш ететін шараларды өткізуге сайлаушылар мен сайлау комиссияларының мүшелеріне ықпал етпеу үшін тыйым салу белгіленген",- деді заң жобасын әріптестеріне таныстырған сенат депутаты Жұмабек Төрегелдинов.

Ол заң жобасының 29-қыркүйекте өткен парламент палаталарының бірлескен отырысында алғашқы оқылымда мақұланғанын еске салды. "Заң жобасы алғашқы оқылымда қабылданғаннан кейін құрылған біріккен комиссияға төрт ұсыныс келіп түсті. Талқылау барысында оларды бастамашылар кері қайтарып алды",- деді ол.

Депутаттар "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды қабылдауды бір дауыстан қолдады.

Заң президенттің қол қоюына ұсынылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны