23.01.2007, 18:20 3135

Павлодарда есірткі алып өтпек болған ресейлік үш азамат ұсталды

ПАВЛОДАР. 23-қаңтар. Kazakhstan Today. Павлодарда "Допинг" полицейлік іс-шара барысында ресейлік үш азамат құрықталды. Баспасөз мәслихатында Павлодар облысының ішкі істер департаментінің есірткі бизнесімен күрес жөніндегі басқарманың бастығы Ержан Бақұмбаев күдіктілердің Қазақстаннан Ресейдің Новосибирск облысына 2,5 кг марихуана алып өтпек болғанын хабарлады.

"Есірткі "Тойота" автокөлігінің ішінен табылды", - деді Е. Бақұмбаев. Марихуана төрт полиэтилен дорбаға бөлініп оралған. ЕБКБ бастығының сөзіне сүйенсек, есірткі сатушылар бір отбасының мүшелері болып шыққан. Күйеуі, әйелі және олардың жақын туысқаны жауап алу барысында есірткіні Павлодар көшелерінің бірінде тауып алғандарын айтты. Бірақ, тергеу ұсталғандардың бұрындары да есірткі заттарын тасымалдаумен және оларды көрші Новосибирскіге өткізумен айналысқандығын айтып отыр.

Күдіктілерге қатысты Қазақстан Республикасының ҚК 259-бабының 3-тармағы бойынша (Топтың алдын-ала ымыраласу арқылы ірі көлемдегі есірткі заттарын заңсыз алу, сақтау, тасымалдау және өткізу) қылмыстық іс қозғалды. Жедел уәкілдердің ақпараттарына сүйенсек, аталмыш партия Павлодарға Жамбыл облысының Шу аңғарынан әкелінген.

Бұл соңғы күндері есірткі заттарының ірі партиясын тәркілеуге қатысты екінші оқиға. Е. Бақұмбаевтың айтуынша, өткен жексенбі күні есірткі бизнесімен күрес жөніндегі басқарманың қызметкерлері бұрын сотталған Павлодардың тұрғынын құрықтап, одан 320 г героин тәркілеген. Ұсталған азаматқа Қазақстан Республикасының ҚК 259-бабында қарастырылған қылмыс жасады деген айып тағылуда.

Облыстық ІІД хабарлағандай, "Допинг" республикалық іс-шарасы 21-қаңтарда басталған және ол бес тәулікке жалғасады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны