22.04.2010, 17:24 4299

Полиция инспекторы кәмелеттік жасқа толмаған баланы екі жыл бойы жеке меншік үй құрылысын жүргізу жұмыстарына заңсыз тартқан - Бас прокуратура

Полиция инспекторы кәмелеттік жасқа толмаған баланы екі жыл бойы жеке меншік үй құрылысын жүргізу жұмыстарына заңсыз тартқан - Бас прокуратура

Астана. 22 сәуір. Kazakhstan Today - Полиция инспекторы кәмелеттік жасқа толмаған баланы екі жыл бойы жеке меншік үй құрылысын жүргізу жұмыстарына заңсыз тартқан. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Бас прокуратура кәмелеттік жасқа толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық келісімдерінің сақталуына тексеру жүргізді. Тексеру барысында көптеген заң бұзушылықтар анықтады. Тіпті кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтарын қорғау тікелей міндеті болып табылатын мемлекеттік қызметшілердің өздерінің де балаларды жұмысқа заңсыз тартқан жағдайлары орын алған. Мысалы, Шалкар қаласының полиция инспекторы Мұңайтпас кәсіптік техникалық мектептің оқушысы Б.Жанұзақовты екі жыл бойы жеке меншік үй құрылысын жүргізу жұмыстарына заңсыз тартқан. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғау туралы мәселе шешілуде",- деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Оның айтуынша, "Заң бұзушылықтар аарсында балаларды жұмысқа еңбек шартын жасамай және мұндай жағдайда міндетті болып табылатын медициналық тексерусіз қабылдау, жасөспірімдерді түнгі уақытта, сондай-ақ заңнамада белгіленген жұмыс уақытының ең жоғары ұзақтығынан да көп уақытқа жұмысқа заңсыз тарту, кәмелеттік жасқа толмағандарды қайыршылыққа қатыстыру және тағы да басқа заң бұзушылықтар бар".

Ресми өкілдің хабарлауынша, "Мысалы, кәмелеттік жасқа толмаған Н. Молдабай, Н. Рахиев және Е. Кравец еңбек шартынсыз және медициналық тексеруден өткізілместен Ақтөбе қаласында "Арцах" мейрамханасында түнгі уақытта даяшы болып жұмыс істеген. Балхаш қаласында орналасқан "Берлога" дәмханасында он жеті жасар Брусенко аптасына 50 сағаттан астам уақыт бойы даяшы ретінде жұмысқа тартылған, ал жасы он алтыдан он сегізге дейінгі жастардың жұмыс уақытының ұзақтығы аптасына 36 сағаттан аспауы тиіс".

Бас прокуратураның мәліметінше, "оқу процессін бұзып, балалардың еңбегін заңсыз пайдалану фактілері де анықталған. Қарағанды облысының Осакаров ауданындағы бір ауылдың мектептің оқушылары мал бағу үшін оқудан босатылған, ал Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданының 2 мыңға жуық мектеп оқушылары оқу процесі кезінде мақта жинауға тартылған".

"Талдау уәкілетті мемлекеттік органдардың балалардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету мәселесіне тиісті көңіл бөлмейтіндіктерін көрсетті. Жұмысқа орналасуға мұқтаж кәмелеттік жасқа толмағандардың есебі, сондай-ақ олардың жұмыспен қамтылу жағдайына бақылау жүргізілмейді. Тексеру жүргізу нәтижелері бойынша Бас прокуратура үкіметке заң бұзушылықтарды және оларды тудыратын себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс енгізіді. Осы қадағалау актісі бойынша қабылданған шаралар туралы сіздерге қосымша хабарланатын болады",- деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны