14.05.2013, 17:33 9155

Премьер-Министр Серік Ахметов "Қолжетімді тұрғын үй-2020" бағдарламасын жүзеге асыру барысына сын айтты

ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов "Қолжетімді тұрғын үй-2020" бағдарламасына арналған қаржының игерілмей қалуына лауазым иелерінің тікелей жауапты екенін ескертті. Ол бұл туралы аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру барысы қаралған ҚР Үкіметінің отырысында айтты.

Астана. 14-мамыр. Kazakhstan Today - Премьер-Министр Серік Ахметов "Қолжетімді тұрғын үй-2020" бағдарламасын жүзеге асыру барысына сын айтты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов "Қолжетімді тұрғын үй-2020" бағдарламасына арналған қаржының игерілмей қалуына лауазым иелерінің тікелей жауапты екенін ескертті. Ол бұл туралы аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру барысы қаралған ҚР Үкіметінің отырысында айтты.

Отырысты ашқан С.Ахметов былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Қолжетімді тұрғын үй-2020" бағдарламасы қабылданып, оның шеңберінде үстіміздегі жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 6,6 млн.шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отырғанын атап өтті.

Бағдарлама тетіктерін жүзеге асыру барысы туралы Өңірлік даму вице-министрі С.Нокин, "Қазақстандық тұрғын үй-құрылыс корпорациясы" АҚ басшысы Қ.Ийтекенов, "ТҚЖБ" басқармасы төрайымы Н.Наурызбаева, "Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлік қоры" АҚ басшысы Б.Палымбетов, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Н.Сауранбаев, сондай-ақ Ақмола, Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері баяндады.

"Бүгінгі талқылау - бірқатар облыстарда Бағдарламалар операторларымен бірлескен іс-қимылды қамтамасыз етуде, қажетті барлық құжаттарды дайындауда, ТҚК құрылыстарына жер телімдерін бөлуде әлі күнге дейін проблемалар бар екенін көрсетті",-деді С.Ахметов.

Үкімет басшысы жарты жылдың қортындысы бойынша игерілмеген қаржыны қайта бөлу туралы мәселе қаралатынына тоқталды.

"Игерілмеген қаржылар оларды дұрыс пайдаланып отырған өңірлерге қайта бөлінетін болады. Сосын әкімдер облыс тұрғындары алдында несиеге және жалға берілетін тұрғын үйлердің неге жоқтығы туралы айтсын. Бұл үшін барлық тетіктер қарастырылып, қаржы бөлінген болатын", - деді С.Ахметов.

Осыған байланысты С.Ахметов әкімдіктерге "Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі" көтерген түйінді мәселелерді шешуді қамтамасыз етуді, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне Өңірлік даму министрлігімен бірлесіп "Қазақстандық ипотекалық компания" АҚ капитализациялау мәселесін қарауды, ал Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп тұрғын үй құрылысы комбинаттары бойынша проблемалық мәселелерді шешу үшін барлық қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны