04.02.2010, 18:23 3894

Прокуратура тергеу немесе анықтау кезінде қинау әдістерін қолданатын лауазымды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселе қоятын болады

Прокуратура тергеу немесе анықтау кезінде қинау әдістерін қолданатын лауазымды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселе қоятын болады

Астана. 4 ақпан. Kazakhstan Today - Прокуратура тергеу немесе анықтау кезінде қинау әдістерін қолданатын лауазымды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселе қоятын болады. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету прокуратура органдары жұмысының негізгі басымдығы болып табылады.

Прокурорлардың ерекше назары қылмыстық қудалауға тап болған, сондай-ақ арнайы мекемелерде ұсталып отырған жеке тұлғалардың құқықтарын сақтауға және оларға қатысты қинау мен өзге де тыйым салынған ықпал ету әдістерін қолдану фактілерін болдырмауға аударылған.

Өткен жылы болған арнайы миссиясының қорытындысы бойынша БҰҰ-ның қинауға және өзге де қатігез немесе адамның қадiр-қасиетiн түсiретiн әрекеттерге қарсы күрес жөніндегі арнайы баяндаушысы Манфред Новак Қазақстанның осы бағыттағы құқық қорғау қызметінің ілгері дамығанын атап көрсеткен.

Прокурорлық қадағалауды әрі қарай жетілдіру мақсатында және БҰҰ-ның арнайы баяндаушысының ұсыныстарын ескере отырып, жақында еліміздің Бас прокуроры қылмыстық іс жүргізуге тартылған және арнайы мекемелерде ұсталатын адамдарға қатысты қинау және басқа да заңсыз әдістер қолданумен байланысты аса қатігездік танытқаны жөніндегі арыз-шағымдарды тексеру туралы нұсқаулықты бекітті.

Нұсқаулықпен қылмыстық процестің және жазаны орындаудың барлық сатыларында қинау мен өзге де қатігез әдістердің алдын алу және жолын кесу жөніндегі кешенді іс-шаралар көзделген.

Атап айтқанда, алдын-ала тергеу мен анықтауды жүргізудің заңсыз әдістердін қолдану туралы кез келген мәлiмет прокуратура органдарының бақылауына алынады, ал қажет болған жағдайда, олар бойынша өндіріс тікелей прокурорлармен жүзеге асырылатын болады.

Нұсқаулық прокурорларды сезіктілерден жауап алғанда, сотпен қамауға алуға санкция беру туралы мәселені шешуі барысында және басты сот талқылауы кезінде қинау және өзге де қатігез әрекеттердің орын алған-алмағандығын анықтауды міндеттейді. Алдын ала қамау абақтыларында, қылмыстық жазаларды орындау мекемелерінде прокурорлар тергеу және жедел іздестіру амалдарын өткізу мақсатында шығарылған барлық сезiктi, айыпталушы, сотталушы және сотталғандармен апта сайын құпия қабылдаулар өткізіп отыратын болады.

Нұсқаулықпен ұсталғандар мен қамауға алынғандарды ұақытша ұстау абақтысынан тергеу абақтысына жеткізген сайын, сезіктілерге (және/немесе айыпталушыларға) бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алуды қолдану туралы өтініштерді қолдау кезінде және әрбір қинау қолданылғандығы туралы арыздар бойынша міндетті түрде медициналық қарау мен куәландыру өткізу көзделген.

Қинау және өзге де қатыгез әрекеттердің қолданылғандығы расталған жағдайда прокурорлар ондай заңсыз әдістерді қолдану арқылы анықтау мен тергеу жүргізу кезінде алынған деректерді дәлелдеме ретiнде пайдалануға жол бермеуге шара қолданып, айыпталушының кінәсін дәлелдейтін басқа дәлелдемелер болмаған жағдайда айыпты қолдаудан бас тартатын болады.

Қинау туралы әрбiр материал бойынша тыйым салынған әдістерді қолданған қызметкерлермен қатар ондай әрекеттер салғырттық немесе азғырушылық танытуының салдарынан орын алған лауазымды тұлғаларды да қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселе қойылады.

Нұсқаулықпен денсаулық сақтау, білім, әлеуметтiк қорғау мен iшкi iстер органдары жүйесiнің арнайы мекемелерінде де қинау және өзге қатыгездік танытудың алдын алу және жолын кесу жөніндегі іс-шаралар белгіленген.

Нұсқаулық талаптарының жүзеге асырылуы қадір-қасиетке қол сұғылмауына, қатыгез әрекеттердің және жазаның қолданылмауына азаматтардың конституциялық құқықтарын сенімді қорғауды қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны