Система Orphus

ҚР-да бюджеттің кіріс және шығыс бөлігінің өсімі күтілуде

15.04.2021 17362

НҰР-СҰЛТАН. 15 СӘУІР - Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиында ел дамуының жаңартылған болжамы және республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі ұсыныстар талқыланды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, отырысқа Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев және басқалар қатысты.

Отырыс барысында Үкімет әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты болжамдарын және әлемдік экономикадағы ахуалды, тауар нарығындағы үрдістерді ескере отырып, осы жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі ұсыныстарын, сондай-ақ, биылғы І тоқсанның алдын ала қорытындыларын ұсынды. Атап айтқанда биыл ішкі жалпы өнімнің нақты өсімі бекітілген көрсеткіштен 0,3 пайызға артып, 3,1% деңгейде болады деп болжануда. Инфляция деңгейі 4-6% аралығында сақталып отыр.

Бюджетті нақтылаудың негізгі міндеті – Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау және "Nur Otan" партиясының сайлауалды платформасын жүзеге асыру. Осыған байланысты бюджеттің кірісінде де, шығысында да өсім болады деп күтілуде.

Автомобиль жолдарын дамытуға, "Ауыл – ел бесігі" жобасын одан әрі іске асыруға, экономиканың неғұрлым зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға, "Жұмыспен қамтудың жол картасын" жүзеге асыруға және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қосымша қаражат бөлінетін болады.

Пандемиямен күреске бөлінетін қосымша қаржы дәрігерлерге үстемеақы және медициналық қызметтердің ақысын төлеуге жұмсалады. Сонымен қатар әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге, су тасқынына қарсы іс-шараларға, сумен қамтамасыз ету және су тарту жүйелерінің құрылысы мен оларды жаңғыртуға қаржы бөлу жоспарланған.

Жиын қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет шығындарын оңтайландырып, кірісін арттыру, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, инфрақұрылым мен цифрландыруды дамыту, сондай-ақ, Жекешелендірудің кешенді жоспары аясында мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырма берді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны