20.03.2024, 21:21 114471

Республикалық комиссия бірнеше жоғары оқу орнының ректорлығына үміткерлерді қарастырды

Республикалық комиссия бірнеше жоғары оқу орнының ректорлығына үміткерлерді қарастырды
Сурет: primeminister.kz
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен жоғары оқу орынының басқарма төрағасы - ректоры қызметіне үміткерлерді айқындау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Аталған комиссияның құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, ЖОО-лар қауымдастығының, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері және қоғам қайраткерлері бар.

Ең алдымен, жиынға қатысушыларға ректорларды жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың басқарма төрағасы - ректорын айқындау жөніндегі тәртіптің жаңа жобасы таныстырылды. Оған сәйкес үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтіледі. Ең басты мақсат - тиімді менеджмент арқылы жоғары білім сапасын көтеруге ықпал ету.

Жобаға сәйкес ректорлыққа үміткердің ғылыми дәрежесі болуы керек. Кандидаттың ғылыми атағы (профессор, доцент) да ескеріледі. Сондай-ақ білім және ғылым саласында кем дегенде 5 жыл басқару тәжірибесі болуы міндет. Үміткерден қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлей алу талап етіледі. Қосымша ағылшын тілін меңгергені де құпталады. Бұл тек ректорға қойылатын талаптардың бір бөлігі ғана.

Кезекті отырыс барысында бірнеше жоғары оқу орнының басшылығына үміткерлер тыңдалды.

Қарағандыдағы Ә. Сағынов атындағы техникалық университетіне Сәуле Сағынтаеваның кандидатурасы бірауыздан мақұлданып, тағайындау туралы ұсыныс берілді. Ал екінші үміткер Ғылым және жоғары білім министрлігінің кадрлық резервіне енгізілді. Аталған ЖОО тау-кен ісі, геология, геодезия және картография, машина жасау, энергетика, көлік, сәулет және құрылыс, т.б. бағыттар бойынша мамандарды даярлайды.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті - өңірдегі педагогикалық кадрларды әзірлейтін негізгі орталықтардың бірі. Оның ректоры қызметіне 3 үміткер қарастырылды. Нәтижесінде комиссия мүшелерінің көпшілік даусымен Ермек Бүрібаевтың кандидатурасы ұсынылды.

Рудный индустриалды университеті елдің және өңірдің еңбек нарығына негізінен техникалық ғылымдар мен технологиялар бойынша мамандарды дайындайды. Республикалық комиссия ректорлыққа 3 үміткерді қарастырды. Оқу орнын дамытуға бағытталған бағдарламалардың барлығы жоғары бағаланды. Нәтижесінде комиссия мүшелері ЖОО ректорын сайлауды қосымша қарастыру туралы шешім қабылдап, шараны кейінге шегеруді ұйғарды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны