16.04.2007, 18:08 3120

"Сәлем, мен сіздердің учаскелік тәртіп сақшыларыңызбын" атты іс-шара бірқатар қылмыстар мен заң бұзушылықтардың жолын кесуге мүмкіндік берді - ҚР ІІМ

АСТАНА. 16 - сәуір. Kazakhstan Today. Бірінші кезеңі 15-ақпан мен 15-сәуір аралығында өткен "Сәлем, мен сіздердің учаскелік тәртіп сақшыларыңызбын" атты іс-шара бірқатар қылмыстар мен заң бұзушылықтардың жолын кесуге мүмкіндік берді. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасының ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қанат Түксаитов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Іс-шара барысында учаскелік полицейлер жаяу 3 млн пәтер мен жеке тұрғын үйлерді аралап шықты, бұл тұрғындардың 80 пайызынан астамын қамтыған",- деді Қанат Түксаитов. Оның айтуынша, осы тексеру барысында алынған ақпараттар бірқатар қылмыстар мен заң бұзушылықтардың жолын кесуге мүмкіндік берген.

"Мысалы, осы іс-шара барысында Қызылорда облысының тұрғынынан айтарлықтай көп көлемде марихуана табылып, тәркіленген, сондай-ақ, Қазақстанға заңсыз келген Молдова Республикасының азаматы ұсталды. "25-наурызда Атыраудың учаскелік полицейіне өзінің күйеуін белгісіз біреулердің ұрып кеткендігі, оның есін жимастан қайтыс болғандығы туралы хабарлаған азаматша жүгінген. Аталмыш дерек бойынша тергеу-жедел тобы оқиға болған жерге келгенге дейін учаскелік полицей күдіктіні анықтап, құрықтаған",- деп түсіндірді комитет төрағасы.

Ол іс-шара барысында 73 мыңнан астам заң бұзушылықтар, 899 заңсыз қару сақтау дерегі және 700 есірткі затының заңсыз айнылым дерегі әшкереленгендігін мәлім етті. "Учаскелік полицейлер 26 мыңнан астам тұлғаны профилактикалық есепке тұрғызды, олардың 4 мыңдайы бұрын сотталғандар, 11 мыңнан астамы маскүнемдер, 2 мыңнан астамы нашақорлар, 6 мыңдайы отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында заң бұзушылықтарға жол бергендер және 2 мыңдайы кәмелеттік жасқа толмағандар",- деп қосты Қ. Түксаитов.

"Біздің есебіміз бойынша, осы іс-шара барысында учаскелік полицейлер тексеру жүргізу кезінде шамамен 1 млн 300 мың шақырым жол жүрген",- деді комитет төрағасы. Оның айтуынша, аталмыш іс-шараның екінші кезеңін үстіміздегі жылдың 1-тамызы мен 1-қазаны аралығында өткізу жоспарланып отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны