12.03.2020, 23:59 3360

Сенат Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы "Байқоңыр" кешенін газбен жабдықтау туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады

Келісім "Байқоңыр" кешенін газбен жабдықтаудың құқықтық негіздерін айқындауға бағытталған және тұтынушыларды сұйытылған мұнай газынан табиғи газға көшіруді көздейді.

Алматы. 12 наурыз. Kazakhstan Today - Сенат Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы "Байқоңыр" кешенін газбен жабдықтау туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

12 наурыз 2020 ж. ҚР Парламенті Сенатының Депутаттары "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенін газбен жабдықтау туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын мақұлдады,-деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

2019 жылдың 3 сәуірінде Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына ресми сапары шеңберінде келісімге қол қойылды және "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 2) тармақшасына сәйкес Келісім ратификациялануы тиіс.

Келісім "Байқоңыр" кешенін газбен жабдықтаудың құқықтық негіздерін айқындауға бағытталған және тұтынушыларды сұйытылған мұнай газынан табиғи газға көшіруді көздейді.

Бұған дейін Байқоңыр қаласын газбен жабдықтау үшін ресейлік "Газовое хозяйство" кәсіпорны жауапты болған, ол сұйытылған мұнай газын Ресейден жеткізіп отырған. Сұйытылған мұнай газының бағасы - 343 теңге/кг (714 теңге/м3) болатын.

Үкіметаралық келісімге сәйкес "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-ға қала аумағында және Байқоңыр ғарыш айлағында табиғи газды өткізу құқығы беріледі. Осы қызмет ресейлік салық органында тіркелмей жүзеге асырылады, осы орайда қосарланған салық салуға жол берілмейді.

Келісімде Байқоңыр қ. аумағында табиғи газды бөлшек саудада өткізу бағасы Қызылорда облысының газ тұтынушылары үшін Қазақстанның монополияға қарсы органы белгілейтін бағаға сәйкес келуі тиіс деп бекітілген.

Қазіргі таңда Байқоңыр қаласы және Қызылорда облысындағы табиғи газдың бөлшек бағасы тұрғындар үшін - 1 текше метрі 18,6 теңге, заңды тұлғалар және бюджеттік ұйымдар үшін - 1 текше метрі 18,9 теңге (қосымша құн салығысыз) құрайды.

Байқоңыр қаласында бір пәтер тамақ әзірлеу үшін (газды су жылытқышы жоқ газ плитасы) орташа 4 текше метр сұйытылған газын тұтынады және 2856 теңге мөлшерінде төлейді.

Ал табиғи газды қосқан жағдайда, тұрғындар осы көлемдегі газ тұтынғаны үшін 186 теңге төлейді, бұл сұйытылған мұнай газынан 15 есе арзан болады.

"ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ мен "Газовое хозяйство" кәсіпорнының бірлескен жұмысының нәтижелері бойынша, Байқоңыр қаласының барлық көп қабатты секторы, яғни 328 тұрғын үй, 150 жеке үйдің 45-і табиғи газға қосылды, сондай-ақ, қазақстандық әлеуметтік объектілер: 3 балабақша, 5 жалпы білім беретін мектеп және көпбейінді аурухана да табиғи газға қосылған.

Осы Келісім тұрғындар үшін коммуналдық қызмет шығындарын азайтуға мүмкіндік береді, себебі сұйытылған газға қарағанда табиғи газдың құны айтарлықтай арзан болатындығын атап өту маңызды. Бұдан басқа, Байқоңыр қаласында газды бөлу инфрақұрылымы салыстырмалы түрде жаңа - оны 2015-2016 жылдарында "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ инвестициялық бағдарлама шеңберінде салды. Бұл желілерді ұзақ мерзімді сенімді және қауіпсіз пайдалануға кепілдік береді.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны