26.06.2014, 19:14 2555

Сенат Қазақстан мен Эстония арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау келісімін ратификациялады

Бүгін Парламент Сенатында "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы" заң қабылданды.

Алматы. 26 маусым. Kazakhstan today. Бүгін Парламент Сенатында "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы" заң қабылданды.

"Бұл келісімге 2011 жылғы 20 сәуірде Таллинде Қазақстан Президентінің Эстония Републикасына мемлекеттік сапары аясында қол қойылды. Келісім инвестицияларды қолдау және өзара қорғау үшін қолайлы құқықтық шарттар құруға, инвестициялық климатты жақсартуға және екі ел арасындағы қолайлы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Келісімде экспроприация, инвесторға өтемақы төлеу және дауларды шешуге қатысты нормалар қарастырылған", - дейді ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев.

Сондай-ақ, келісім тараптар арасындағы дауларды шешу мақсатында ұйымдастырылатын халықаралық төрелік соттарды қалыптастыру рәсімін егжей-тегжейлі регламенттейтін ережелерді қамтиды.

Министрдің мәліметіне сүйенсек, 2005-2013 жылдар аралығында Эстония Қазақстан экономикасына 48,3 млн доллар инвестиция тартқан. Ал осы кезеңде қазақстандық инвесторлар Эстония экономикасына 1,3 млн АҚШ долларын инвестициялаған.

2013 жылы Қазақстан-эстония сауда айналымының көлемі 34,4 млн АҚШ долларына жеткен. Былтыр Қазақстаннан Эстонияға 4,7 млн доллардың өнімі экспортталып, Эстониядан Қазақстанға 29,7 млн доллардың өнімі әкелінген.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны