13.12.2012, 15:45 3088

Сенаторлар мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы заң жобасын қабылдады

Заң жобасының мақсаты - Қазақстанда Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің жұмыс істеуі мен дамуының құқықтық негіздерін құру.

Астана. 13-желтоқсан. Kazakhstan Today - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында палата депутаттары "Білім беру жинақтау жүйесі туралы" ҚР Заңының жобасын қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Заң жобасының мақсаты - Қазақстанда Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің жұмыс істеуі мен дамуының құқықтық негіздерін құру.

Заң жобасы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына 2011 жылғы 28 қаңтардағы "Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!" атты Жолдауын іске асыру аясында әзірленген және еліміздегі техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етудің жаңа қаржы құралын жасауға бағытталған.

Заң жобасымен аталмыш жүйе саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары, осы саладағы оператордың функциялары мен білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті айқындалған. Сонымен қатар, онда салым шартының тараптары, шарт талаптары және қатысушы банк сыйақысын төлеу талаптары белгіленеді. Мемлекет сыйлықақысын есепке жазу, оның мөлшері және қайтару, сондай-ақ мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі қатысушыларының өзара іс-қимылы мәселелері де регламенттелген.

"Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің үшінші механизмі болмақ. Ол, біріншіден, халыққа балаларын оқыту үшін қаржы жинауына жеңілдік жасайды. Екіншіден, оқуға жұмсалатын шығындардың бір бөлігін мемлекет өз мойнына алады", - деді ҚР білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов.

Оның айтуынша, Заң жобасына сәйкес, кез келген азамат салымшы болып, қатысушы банкте білім беру жинақтау шотын ашады. Ерікті түрде жүзеге асырылатын шотқа салымшының өзі немесе басқа тұлғалар қаржы сала алады.

"Жинақталған қаржы үш бөліктен тұрады. Бірінші - бұл салымшының немесе басқа адамдың ақшасы. Екінші - банктің ай сайын ақшаны капиталға айналдырып отырып, сыйақы беру. Бұлар кәдімгі банктегі депозиттер сияқты жүзеге асады. Сонымен қатар, үшінші бөлігі - мемлекеттік сыйақы. Ол осы заң жобасында белгіленеді", -деп толықтырды министр.

Сонымен қатар, сенаторлар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" ҚР Заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны