17.10.2017, 17:47 5886

Сөгіс жариялау - қызметтен босатылғанмен бірдей - Мемлекет басшысы

Кездесуде Мемлекет басшысына жанар-жағармай нарығындағы қазіргі ахуал мен мұнай өӊдеу зауыттарын жаӊғырту барысы жөнінде мәлімделді.

Астана. 17 қазан. Kazakhstan Today - Елбасы Энергетика министрі Қанат Бозымбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Кездесуде Мемлекет басшысына жанар-жағармай нарығындағы қазіргі ахуал мен мұнай өӊдеу зауыттарын жаӊғырту барысы жөнінде мәлімделді.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі жанармай тапшылығы Қазақстан Үкіметі мен Энергетика министрлігі тарапынан нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін уақтылы шешім қабылдамауы салдарынан орын алып отырғанын айтты.

- Энергетика министрлігі еліміздіӊ отын-энергетика мәселелеріне, соныӊ ішінде ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге жауапты. Елімізде оныӊ тапшылығына байланысты орын алған ахуал Үкімет пен Энергетика министрлігі тарапынан немқұрайлылық пен жауапсыздыққа жол берілгенін көрсетіп отыр. Сіз биылғы мамыр айында мұнай өӊдеу зауыттарына жөндеу жұмыстарын жүргізу кестесін бекіттіӊіз. Күзде үш зауыттыӊ екеуі жөндеу үшін тоқтатылатынын білдіӊіз. Мұндай жағдай жыл сайын қайталанып келеді. Соны біле тұра, алдын-ала дайындалып, халықты қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде жанар-жағармай жеткізуге тиіс едіӊіз. Олай болмады, - деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Елбасы министрліктіӊ жанар-жағармай нарығындағы ахуалды тұрақтандыруға бағытталған бұған дейінгі шараларыныӊ тиімділігі төмен болғанын атап өтті.

- Сіз ұсынған жақсы бастамалар аз емес. Олар меніӊ тарапымнан да, Үкімет тарапынан да қолдау тауып келеді. Жанармай тапшылығын болдырмау үшін бағаны мемлекеттік реттеуден бас тарту ұсынылды. Алайда, нарықта тағы да жанар-жағармай жетіспеушілігі орын алды. Осыған байланысты, Үкіметтіӊ ұсынысы бойынша сізге сөгіс жарияладым. Бұл - қызметтен босатылғанмен бірдей, - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қанат Бозымбаев Қазақстан Президентіне Павлодар және Атырау мұнай өӊдеу зауыттарын жаӊғырту жұмыстарыныӊ барысы туралы мәлімдеді.

- Екі мұнай өӊдеу зауытын жетілдіріп, жаӊғырту биыл аяқталады. Қараша айында Павлодардағы зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Атыраудағы мұнай өӊдеу зауытындағы жұмыстарды осы жылдыӊ 16 желтоқсанына дейін аяқтау көзделген. Мұнда мұнай өнімдерініӊ көлемін арттыруға және олардыӊ сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін катализдік крекинг қондырғысы бірінші рет пайдаланылатын болады.

Қ.Бозымбаев Мемлекет басшысына Шымкенттегі мұнай өӊдеу зауытында да жоғары октанды бензин шығаруға арналған катализдік крекинг қондырғысын салу жоспарланып отырғаны туралы мәлімдеді.

Энергетика министрі келесі жылы Қазақстан нарығы жоғары сапалы жанармаймен, соныӊ ішінде авиациялық жанармаймен қамтамасыз етілетінін айтты.

Соӊында Қазақстан Президенті нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін жауапкершілік жүктелетінін тағы да ескертіп, жанармай тапшылығын болдырмау үшін барлық қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Ақпаратты пайдаланИан жаИдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық қИқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны