03.11.2022, 13:51 31326

Тоқаев Қарағанды ​​облысындағы шахтада қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты

Қайтыс болған және зардап шеккен азаматтардың отбасыларына тиісті көмек көрсетіледі.
Астана. 3 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "АрселорМиттал Теміртау" АҚ шахтасында қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына көңіл айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ шахтасында болған апат салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
 

"АрселорМиттал Теміртау" акционерлік қоғамының шахтасында болған апат салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Үкіметке және Қарағанды облысының әкіміне апат себептерін анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қайтыс болған және зардап шеккен азаматтардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді тапсырдым", – деп жазылған жеделхатта.

 
3 қарашада сағат 03.03-те Шахтинск қаласындағы "Арселор Миттал Теміртау" АҚ Көмір департаменті Ленин атындағы шахтада газды дренаж ұңғымаларын бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде кенеттен газ бөлінді. Авариялық учаскеде болған бес адам қайтыс болды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны