16.09.2022, 19:43 41241

Тоқаев Иран Президентін Қазақстанға сапармен келуге шақырды

Тоқаев Самарқанд қаласында өтіп жатқан ШЫҰ-ның саммиті аясында Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисимен кездесу өткізді.
САМАРКАНД. 16 ҚЫРКҮЙЕК - Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқанд қаласында өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисимен кездесу өткізді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Иранмен арадағы ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға бейілді екенін айтып, Ибрахим Раисиді елімізге қарымта сапармен келуге шақырды.
 
Қазақстан тарапы қысқа мерзімде Иранға жеткізілетін тауарлар тізімін әзірлеген. Сондай-ақ біздің еліміз Иран тарапының да осындай тауарлар тізімін қарастыруға және қолдауға дайын. Бұл екіжақты сауда-саттық көлемін 3 миллиард долларға дейін арттыру жөніндегі мақсатқа қол жеткізуге септігін тигізеді.
 
Президент маусым айында Тегеранда екі ел басшылары негізін қалаған көлік-транзит дәлізінің табысты дамып келе жатқанына көңілі толатынын жеткізді.
 
Кездесуде транзиттік жүк тасымалын одан әрі ұлғайту мақсатында "Қазақстан-Түрікменстан-Иран" теміржол тармағының әлеуетін дамытудың маңыздылығы, сондай-ақ Каспий маңы елдерінің порттары арасындағы тұрақты паром қатынасының мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігі атап өтілді.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет саласындағы екіжақты байланыстарды нығайтудың маңызды екеніне тоқталды. Қазақстан екі ел халқы үшін маңызды тарихи тұлғаларға қатысты бірлескен зерттеулер ұйымдастыру жөніндегі Иранның бастамасын қолдады.
 
Қазақстан Президенті Иранның ШЫҰ-ға толыққанды мүше болуға деген ниетін құптады және Ислам Республикасының аталған ұйымға қосылуы өңірлік өзара іс-әрекетті жандандырып, оның жұмысына тың серпін беретініне сенім білдірді.
 
Өз кезегінде Иран Президенті елдеріміздің сауда-экономикалық мүмкіндіктері мол екенін, сондай-ақ ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Ибрахим Раиси қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижелері келешектегі өзара тығыз іс-әрекеттің берік іргетасы болатынына сенім білдірді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны