09.05.2022, 15:29 17566

Тоқаев Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза болған қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етті

Тоқаев Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза болған қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етті
НҰР-СҰЛТАН. 9 МАМЫР - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Отан Ана" монументіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Мемлекет басшысы "Отан Ана" монументіне гүл шоғын қойып, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза болған қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етті.
 
Содан кейін Республикалық гвардияның оркестрі Мемлекеттік әнұранды орындады, Құрметті қарауыл ротасы Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің алдынан салтанатты шерумен жүріп өтті.
 
Рәсім соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ардагерлермен әңгімелесті. Президент оларды Жеңіс күнімен құттықтап, барша қазақстандықтарға зор денсаулық, бақыт, ашық аспан тіледі.
 
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады.
 

Құрметті қазақстандықтар! Баршаңызды Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл қастерлі күн халқымыздың ерен ерлігі мен бірлігінің, қаһармандығының символы болып саналады. Біз бүгін соғыс құрбандарының рухына тағзым етіп, ардагерлерге құрмет көрсетеміз. Олардың майдандағы өжеттігі мен тылдағы еңбегі туған елге деген қалтқысыз сүйіспеншіліктің және қайсарлықтың жарқын үлгісі екені сөзсіз. Жиырмасыншы ғасырдағы ең сұрапыл соғыстағы жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Отан үшін от кешкендердің ерлігін ұмытпау, ардагерлерге қамқорлық көрсету – баршамыздың қасиетті борышымыз. Батыр бабаларымыздың қаһармандығы қазіргі тыныш заманда да біздің бойымызға жігер береді. Ол ауызбірлік, патриоттық, қайсарлық және Отанға деген махаббат арқылы кез келген қиындықты жеңіп, бейбіт әрі бақуатты өмірге қол жеткізуге болады деген сенімімізді нығайта түседі. Ұлы Жеңіс күнінде баршаңызға мықты денсаулық, баянды бақыт пен жақсылық тілеймін! Аспанымыз әрдайым ашық болсын!" - делінген Елбасы сайтында жарияланған құттықтауда.

 
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Нұр-Сұлтанда Жеңіс күніне арналған мерекелік отшашу болады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны