07.10.2009, 11:50 2062

Үкімет басшысы бюджеттік сала қызметкерлеріне еңбекақыны көтерудің мерзіміне қатысты ұсыныстарды бір айдың ішінде енгізуді тапсырды

Үкімет басшысы бюджеттік сала қызметкерлеріне еңбекақыны көтерудің мерзіміне қатысты ұсыныстарды бір айдың ішінде енгізуді тапсырды

Астана. 7 қазан. Kazakhstan Today - Үкімет басшысы бюджеттік сала қызметкерлеріне еңбекақыны көтерудің мерзіміне қатысты ұсыныстарды бір айдың ішінде енгізуді тапсырды. Мұндай тапсырманы Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімов кеше кәсіподақ өкілдерімен жұмыс бабындағы кеңесте жұмыс тобына тапсырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, кеңеске ҚР үкіметінің мүшелері, Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым, мәдениет, сондай - ақ, мемлекеттік, банк мекемелері мен қоғамдық қызмет көрсету кәсіпорындары қызметкерлерінің салалық кәсіптік одақтарының басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі талқылауға бюджеттік сала қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіруге қатысты мәселелер шығарылды. 2010 жылы бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын көтерудің мерзіміне айырықша көңіл бөлінді.

Кәсіподақ қайраткерлері әлеуметтік әріптестік жөніндегі үш жақты комиссия аясында 2008 жылы республикалық кәсіподақ бірлестіктерінің үкіметпен арадағы өзара үйлесімді іс - қимылын атап өтті. Олар еңбек қатынастары саласындағы және өзара тиімді шешімдерді қабылдауда өзекті проблемаларды ашық талқылау үдерісінің жалғасатынына сенім білдірді.

Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларының әлеуметтік әсері оңтайлы болып жатқанына тоқталды.

"...Мен Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарында болып қайттым. Халықтың көңіл - күйлері жақсы. Жол картасы бағдарламасы бойынша көп іс атқарылды. Мұның барлығы айдан анық көрініп тұр",- деді Кәсіподақтар федерациясының басшысы.

Кеңес барысында кең ауқымды мәселелер бойынша әңгіме өрбіді. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмаларын орындау үшін үкімет әлемдік дағдарыс жағдайында мемлекеттік бюджеттің мүмкіндіктеріне орай бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру және жалақы деңгейін кезең - кезеңімен көтеруге қатысты жоспарлы жұмыс жүргізіп отыр.

Бюджеттік қаражаттың шектеулігіне және 2010 жылы Ұлттық қор қаражатынан бас тартуға байланысты, 2010 - 2012 жылдарға арналған мемлекеттік бюджетті қалыптастыру барысында бірқатар шығыстар оңтайландырылды, оның ішінде мемлекеттік органдардың әкімшілік шығындары, ұлттық басқарушы компаниялардың әкімшілік шығындары мен штаттық құрылымдарына қысқарту жүргізілді. 2010 жылдың бюджетінен көп мөлшерде қаржы көздерін талап ететін бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске асырудың шығыстары алынып тасталып, кейінге ысырылды. Үнемдеуден артылған қаражат мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға және жұмыссыздықты азайтуға, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, "Жол картасы" аясында тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығының жөндеу жұмыстарына, олардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталуда. "Жол картасын" іске асыру аймақтық еңбек нарығында 400 мың жұмыс орындарын құруға, сөйтіп жұмыссыздықтың алдын алуға мүмкіндік туғызды. Мұның барлығы - 2008 - 2009 жылдары өзінің тиімділігін көрсеткен және өндірістің құлдырауына, макроэкономикалық тұрақсыздыққа жол бермей, елімізде әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал еткен дағдарысқа қарсы жұмыстардың маңызды бағыттары.

Сонымен бірге, 2010 жылғы мемлекеттік бюджеттің жобасы тұрақты бір деңгейде әлеуметтік мәнге ие.

Илеуметтік салаға бағытталатын шығыстардың арақатынасы бюджет шығыстарының жалпы деңгейінің 40 пайызынан астамын құрайды (2007 - 31,5 %, 2008 - 26,4 %). Ал, бюджеттік мекемелердің еңбекақы төлеу қорын қоса есептегенде әлеуметтік салаға арналған қаражат бюджеттің барлық шығыстарының 50% - нан асады.

Бюджет жобасында әлеуметтік мазмұндағы айырықша шаралар қарастырылған. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдері 25% көбейеді. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мен арнайы мемлекеттік жәрдемақылар орташа 9% өседі. Сондай - ақ, бала күтіміне арналған ай сайынғы жәрдемақы мен басқа да әлеуметтік мазмұндағы төлемдердің мөлшері артады. Бұдан басқа, экономикадағы дағдарыстық ахуалға қарамастан, республикалық бюджеттің жобасы мүгедек балаларды бағып отырған ата - аналар мен оларды асыраушыларға жаңа жәрдемақы төлеуді көздейді.

Премьер - министр К.Мәсімов кеңесті қортындылай келе, Қазақстан үкіметі кәсіподақтар көтеріп отырған барлық мәселелерге мұқият қарап отырғанын атап өтті. Осыған байланысты ол еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Ибдіхалықоваға құрамында экономика және бюджеттік жоспарлау, білім және ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және ақпарат министрліктерінің басшылары, Қазақстан Республикасы кәсіподақтары Федерациясының басшылары (келісім бойынша) кіретін жұмыс тобын құрып, бір ай ішінде бюджеттік сала қызметкерлеріне еңбекақыны көтерудің мерзіміне қатысты ұсыныстарды енгізуді тапсырды. Жұмыс тобын құру туралы шешімнің хаттамасына премьер - министр қол қойды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны