28.02.2007, 16:15 6687

Үкімет басшысы президент алға қойған міндеттерді есепке ала отырып үкіметтің бағдарламасын қысқа мерзімде толықтыруды тапсырды

АСТАНА. 28-ақпан. Kazakhstan Today. Үкімет үйінде премьер-министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен бүгін Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру мәселелері жөнінде кезектен тыс үкімет мәжілісі өтті.

Үкімет басшысы президент алға қойған міндеттерді есепке ала отырып үкіметтің бағдарламасын қысқа мерзімде толықтыруды тапсырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келесі үкімет мәжілісі барысында, 13 наурызда Қазақстан Республикасы үкіметінің 2009 жылға дейінгі іс-қимыл бағдарламасының жобасын және мемлекет басшысының жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың жалпыұлттық жоспарын талқылау жоспарлануда.

"Біз 13 наурызға дейін төтенше жағдайда жұмыс істейтін боламыз. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, әр участок үшін әр министр жеке жауап беретіні өте маңызды. Сонымен қатар, Үкімет, толықтай алғанда, істің орындалуына жауапты, әр министр өз учаскесіне жеке жауапты",- деді Кәрім Мәсімов.

Мәжіліс қорытындысы бойынша, аталған іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында премьер-министр бірқатар жедел тапсырмалар берді.

"Барлық орталық атқарушы органдар 2007 жылдың 2-ші наурызына дейін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне жоғарыда аталған құжаттар бойынша ұсыныстарын енгізсін",- деді ол.

Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігіне үкімет бағдарламасының жалпыұлттық жоспарының жобасын, оны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын 5-ші наурызға дейін белгіленген тәртіппен премьер-министр кеңсесіне енгізу міндеттелді. Ал мәдениет және ақпарат министрлігіне мемлекет басшысының жолдауы жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар енгізуге тапсырма берілді.

Сонымен бірге, үкімет басшысы әділет министрлігіне жеке тапсырмалар берді.

"Сіздер ертеңге дейін аталған жолдаудан туындайтын заң жобаларының тізімін үкіметке енгізулеріңіз керек", - деді К. Мәсімов.

Қазақстан Республикасының премьер-министрі президенттің жолдауын іске асыру барысын әр апта сайын қадағалап отыратынын атап өтті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны