02.08.2006, 13:17 2540

Икімшілік реформалар жөніндегі комиссия ел президентіне үкімет пен мемлекеттік мекемелердің іс-қызметін модернизациялауға қатысты ұсыныстарды таныстырады - вице-премьер

АСТАНА. 2-тамыз. Kazakhstan Today. Икімшілік реформалар жөніндегі комиссия ел президентіне үкімет пен мемлекеттік мекемелердің іс-қызметін модернизациялауға қатысты ұсыныстарды таныстырады. Бұл туралы бүгін комиссияның кезекті отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында республика үкімет басшысының орынбасары, экономика және бюджетті жоспарлау министрі Кәрім Мәсімов құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған жолдауына сәйкес үкіметтің алдына елімізді әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 мемлекеттің қатарына алып шығу міндеті қойылды. Осынау асқаралы асуды бағындыру үшін үкімет пен мемлекеттік қызмет түгел бәсекелестік қабілеттілік талабына сай келуге тиіс, деді К.Мәсімов. "Осыған байланысты комиссия үкімет пен мемлекеттік мекемелердің іс-қызметін модернизациялауға қатысты ұсыныстардың жобасын жасады",- деді ол.

Вице-премьердің айтуынша, бұл ұсыныстар мемлекет басшысының атына жолданатын хатта баяндалып, қолдау сұралады. "Ұсыныстарды президент қолдаған жағдайда үкіметтен құрылған жұмыс тобы әкімшілік реформалара қатысты тиісті шаралардың жоспарын жасайды", деді К.Мәсімов. Оның пікірінше, "ұсыныстардың бір бөлігін 2007-жылдың 1-қаңтарынан бастап жүзеге асыра бастауға болады. Ал басқасын 2008-жылдан бастап іске асыру үшін мұқият дайындалу керек".

К.Мәсімов президенттің атына жолданған хаттағы кейбір ұсыныстарды жария етті. Атап айтсақ, "мемлекеттік мекемелердегі басқару деңгейлерін орта есеппен екі есе азайту; орталық мемлекеттік мекемелер мен оларға бағынышты мекемелік және аумақтық бөлімшелер мен жергілікті атқарушы билік органдары арасындағы қайталанатын функцияларды жою; мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелі ортаға беруді аяқтау; басқарушы органдар ретінде тәуелсіз реттеуші агенттіктерді құру; мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын еліміздегі ірі жеке меншік компаниялардың деңгейіне дейін көтере отырып оны нақты жұмыс нәтижесімен байланыстыру" жөніндегі ұсыныстар бар.

Сонымен бірге үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, президентке жолданған хатта "бюджет қаржысын жұмсауда мемлекеттік мекемелерге артықша бостандық беру; барлық мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік қызмет көрсетудің салалық сапа стандарттарын енгізу; мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалау үшін тұрығандар арасында тұрақты әлеуметтік сауалнамалар өткізу; шағын бизнес істері бойынша омбудсмен институтын құру; сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін жүктелетін қылмыстық жауапкершілікті күшейту, саяси мемлекеттік қызметкерлердің реестріне ревизия жүргізіп, олардың санын қысқарту; орталық атқарушы билік органдарында статс-хатшы лауазымын енгізу" жөнінде де ұсыныстар айтылған.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны